Бүгінде бәрі сатулы. Жұмысқа тұрудың да өзіндік «ставкалары» бар. Ел арасындағы жел сөз дегенімізбен де қолға түскендер мұны дәлелдеп беріп жатыр. Жуырда Сайрам ауданының орталығы Ақсукент ауылындағы мамандандырылған балабақша меңгерушісі құрыққа ілінді.
Пара алу дерегі бойынша айыпталған болатын. Тәрбиеші болып жұмысқа тұрмақ болған адамнан 450 мың теңге талап еткен. Ал бала күтушінің орнын 250 мың теңгеге бағалапты. Бұдан бөлек айыпталушының орындығында мектепке дейінгі тәрбие орнының бас бухгалтері де табылды. Сотқа дейінгі тергеу барысында кінәсін толық мойындаған. Сайрам аудандық соты 3 жыл бас бостандығынан айырды.