ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасының қоры «Асыл мұра» фотоконкурсын өткізуде. Оған 18 бен 35 жас аралығындағы кез келген қазақстандықтар қатыса алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Конкурстың мақсаты — патриотизмді нығайту, Қазақстанның жаңа көркем бейнелерін, оның тұлғаларын және елорданың көрікті жерлерін қалыптастыруға ықпал ету.
Байқау тақырыптары: «Сәулет», «Қазақстан халқының мәдениеті мен дәстүрлері», «Астананың 20 жылдығы», «Күнделікті өмірдегі оқиғалар» және «Тұлғалар». Оған 18 бен 35 жас аралығындағы қазақстандықтар қатыса алады. ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы қорының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, фотожұмыстар конкурстың тақырыбына сәйкес келуі тиіс.
Бір қатысушы үштен артық емес фотосурет жібере алады. Әрбір автор екі номинацияға қатысуға құқылы. Фотосуреттер биылғы 30 қыркүйекке дейін қабылданады. Қорытындысы үстіміздегі жылғы қазан айының басында анықталады. Жеңімпазға «Асыл мұра» конкурсының лауреаты атағы және 350 мың теңге ақшалай сыйлық беріледі.
Қазылар алқасының құрамында белгілі және беделді фотосуретшілер, журналистер, сондай-ақ конкурс құрылтайшысының өкілдері мен серіктестері бар. Толығырақ мағлұматты www.fpp.kz сайтының «Байқаулар» бөлімінен табуға болады.