Күлтөбе қалашығы ашық аспан астындағы музейге айналады

746

Түркістан қаласының түп тарихын зерттеу — тарих ғылымының өзекті мәселелерінің бірі. Орта Азия мен Қазақстан аумағында өркендеп, түрлі шапқыншылық кезеңдерде басқа елдімекендер сияқты тарих сахнасынан өшіп кетпей, қазіргі уақытқа дейін өмір сүріп келе жатқан саусақпен санарлық қалалардың бірі – Түркістан.

Күлтөбе қалашығының цитаделінде жүргізіліп жатқан археологиялық қазба жұмыстары «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында 2010 жылдан бері Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының бақылауында (Б.Ә.Байтанаев) және сол институттың білікті мамандарының (Е.Ә.Смағұлов, А.О.Ержігітова) күшімен іске асырылуда. Бұл жұмысқа «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің өз мамандары да атсалысуда. Осы жылдар ішінде І-ІІІ ғасырларда салынған төрт жапырақты гүлге ұқсас сирек кездесетін ғибадатхана (әлде кешік) қосалқы құрылысы және дәліздері, ауласы мен оңтүстік бетін қоршаған қорған қамалымен аршылды.

Қазбадан табылған және табылып жатқан біздің заманымыздың І-ІІІ ғғ., ІV-VІ ғғ. және VІІ-ІХғғ. жататын құрылыстар жауын-шашын әсерінен езіліп кетпес үшін үстін уақытша арнайы қалың тентпен және соңғы қазба жұмыстары барысында қалашықтың оңтүстік-шығыс бөлігінен аршылған құрылыс орындарын да уақытша профнастилмен жауып қоюға шешім қабылданды. Өткен жылы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан металлоконструкциямен үстін қайта жабу жұмыстары жүргізілді. Қазір мұнымен тікелей «Қазқайтажаңғырту» РМК Алматы филиалының мамандары айналысуда.

Цитаделді толық аршып, реставрациялап, сондай-ақ консервациядан өткізу, төбесін ұзақ жылдарға шыдайтын жабындымен жауып, туристер жүретін соқпақ жолдар жүргізіп, ашық аспан астындағы музейге айналдыру және ЮНЕСКО-ның «Әлемдік мұралар» тізіміне ұсыну — басты міндеттердің бірі және бірегейіне айналды. Қазіргі күні сәулетшілер тобы оның жобасын дайындау үстінде. Осы екі аралықта қазбадан табылған және табылып жатқан біздің заманымыздың І-ІІІғғ., ІV-VІғғ. және VІІ-ІХғғ. жататын құрылыстар жауын-шашын әсерінен езіліп кетпес үшін үстін уақытша арнайы поливинилхлоридтен резина араластырылып жасалған көп қабатты жабын материалымен және соңғы қазба жұмыстары барысында қалашықтың оңтүстік-шығыс бөлігінен аршылған ортағасырлық қала құрылыс орындарын да уақытша профнастильмен жауып қоюға шешім қабылданды.

2017 жылдан бастап ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің арнайы тапсырысы бойынша археологиялық қазба жұмыстарын «Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты» жүргізуде. 2016-2017 жылдары ҚР Білім және ғылым министрлігің Гранттық қаржыландыруы бойынша Ә.Марғұлан атындағы археология институты «Ежелгі Түркістан қамалы: қала мәдениетінің дамуы (архитектура, жобасы, стратиграфиясы)» тақырыбы зерттеу жүргізген болатын.

«Күлтөбе» қалашығындағы ғылыми-зерттеу және реставрация жұмыстары ескерткіштің барлық тарихи кезеңдерін анықтап, нәтижесінде қалашықты ашық аспан астындағы музейге айналдыруға бағытталған.

Қазіргі Түркістан қаласының түп тарихын зерттеу — тарих ғылымының өзекті мәселелерінің бірі. Әуелі Иасы, кейін Түркістан атанған қаланың тарихы тым тереңде жатыр. Ертедегі Иасының орны — Күлтөбе. Қазіргі Түркістан айналасындағы басқа да көне және ортағасырлық мекен құландылары: Сидақ ата, Шойтөбе, Қарашық — I, II, Төрткүлтөбе- I, II атты ескерткіштер археологиялық тұрғыдан зерттелу үстінде. Ал Иасы — Түркістанның XV-XVIIІ ғасырлардағы тарихын зерттеуде кезек күттірмейтін шаруа. Себебі, түрлі кезеңде қала айтулы өзгерістерге тап болған. Қазақ хандығы тұсында Иасы шағын қыстақ дәрежесінен Қазақ хандығының бас қаласына айналды. Қаланың осы кездегі тарихын зерттеу арқылы төл мемлекетіміздің тыныс-тіршілігінің қыр-сырларын тануға болады.

Мұнда ел тағдырын шешкен мәслихаттар өткен, хан сайлаған құрылтайлар болған.
Түркістан атырабындағы археологиялық ескерткіштердің зерттеле бастағанына 130 жылдан астам ғана уақыт болды. Осы жылдар ішінде ондаған археологиялық ескерткіштер табылып, есепке алынды.

Күлтөбе» қалашығы (І мың жылдық ортасы –ХІҮ ғ.) «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі» РМҚК ескерткіштер тізіміндегі Республикалық маңызы бар ескерткіш және Қазақстандағы көне қала орны. Қалашық Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен оңтүстікке қарай — 350 метр жерде орналасқан. Сопақша келген, биіктігі — 9 метр, аумағы — 150х120 метр ауқымды төбешік.

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметі