Шымкентте мемлекет қайраткері Дүйсенкүл Бопованың 90 жылдығы тойланды

24

Бүгін мемлекет және қоғам қайраткері Дүйсенкүл Бопованың туған күні. Қазақ халқының біртуар қызының 90 жылдығына орай Шымкент қаласындағы Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Қызмет пен құрмет» атты іс шара өтті.

Дүниеден озса да, ісіне адалдығы, қарапайымдылығымен аты аңызға айналған тұлғаның құрметіне қызметтес болған азаматтар, шәкірттері, зиялы қауым өкілдері бас қосты.

Дүйсенкүл Бопова Ордабасы ауданы Қараспан аулының тумасы. Еңбек жолын 1948 жылы Арыс қаласындағы орта мектепте кітапханашы болып бастаған. Табиғатынан зерек қыз іскерлігі мен ізденімпаздығының арқасында елдің көзіне ерте түсті.

Қызметтестері ғана емес, аудан басшылары да осы бір қараторы қыздың келешегінен зор үміт күтті. Жұмысқа деген жауапкершілігі, білімге деген құштарлығы арқасында аудандық комсомол комитетінің 1 -ші хатшысынан бастап бірнеше сатыдан өтіп, облыстық партия комитеті төрағасының орынбасары қызметтеріне дейін өсті.

Іс шараға Астанадан арнайы келген мемлекет қайраткері Қуаныш Айтаханов, Дүйсенкүл Бопованың өзі, өмірлік жолы, адамгершілігі, терең білімділігі, қайсар мінезі қызметтес болған біздерге үлгі-өнеге болды,- дейді мемлекет қайраткері Қуаныш Айтаханов.

Дүйсенкүл Бопованың еңбек жолы көптің маңдайына, бағына жазыла бермейтін абырой мен бақтың бедел-берекесіне толы еді. Ол кісінің бойына берілген ерекше қабілеттерінің бірі – адамдармен ерекше қарым-қатынасы еді. Онымен бірге қызметтес, сыйлас болған әріптестері мен қамқорлығын көрген ізбасарлары оның әрдайым өзін бірқалыпты ұстап, сабырлылық сақтай отырып, адамдардың көңіліне қарай сыйласа білетіндігін, қолынан келген жәрдемін аямайтындығын, жан-жағына мейірім-шапағатын шашып жүретіндігін осы күнге дейін айтады.

Бахтияр Тұрғынов, Шымкент қаласының тұрғыны: «Дүйсенкүл апай өте мейірімді, мәселеңмен барсаң шешуге тырысатын. Қазір сондай адамдар керек. Апайымыздың жатқан жері  жайлы, топырағы торқа болсын, бала шағасына өмір берсін».

1988 жылы Дүйсенкүл Бопова одақтық дәрежедегі дербес зейнеткерлікке шықты, бірақ үйінде отырып қалған жоқ. Сол жылы облыстық тарихи ескерткіштерді қорғау жөніндегі қоғамды басқаруға шақырылды. Өте күрделі әрі жауапты жұмысты ол абыроймен орындады.

Сондықтан болар Дүйсенкүл Боповаға Шымкент қаласының Құрметті азаматы атағы берілді. Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері Дүйсенкүл апайымыз облысымыздың жақсы істеріне қуанып, кемшіліктеріне ренжіп, оны әр кез басшыларға батыл айтып та, жазып та жүрді деп есіне алды ізбасарлары.