«Керуен шеру-2018». Осындай тақырыппен облыстық дәстүрлі жоба жалғасын тапты. Дәлірегі, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балалары күнгейдің киелі жерлеріне жол жүріп, тарихымен танысатын шара биыл 5-рет қолға алынып отыр.
Дулат Айдардың жасы – 16-да. Сарыағаштағы №70 мектептің 11-сынып оқушысы. Жасынан жырға құмар жеткіншек бұл жобада да тосылған жоқ. Саяхатта көрген-білген, түйгенін өлеңмен өріп, жеңістің төрін бағындырып отыр.
Дулат Айдар, №70 мектептің оқушысы: «Мен 5 күннің ішінде, өңірдің тарихын, ондағы жасақталған мол жәдігерлерді көзбен көрдім. Бұл әсерді сөзбен айтып жеткізе алмағандықтан, өлеңіме сыйдырдым. Қазір маған жүлделі орын тағайындалыпты, қуаныштымын! Енді ондағы ойыма жинақтаған мол мағлұматтарды өзімнің ғана емес, өзгелердің де кәдесіне жарату үшін сыныптастарыма айтып беріп жатырмын».
Бақытжан Ешенқұлов, облыстық білім басқармасы қосымша білім беруді дамыту орталығының директоры: «Бұл саяхат пен байқауға қатысушы шәкірттер – тек әлеуметтік жағдайы төмен отбасының балалары. Онда да 6, 7, 8-сыныптың оқушылары ғана жолдама алды. Ал осы жарысқа қатысқандардың тек 40-ының еңбектері мен шығармалары жоғары бағаланып, жеңімпаз ретінде танылып отыр».
Жеңімпаздар арнайы марапатталып, құрметке бөленді. Алғыс хаттар тапсырылды. Айта өтейік, осынау жобаға әр аудан-қаладан 10 оқушы, барлығы 150-і жолдама алған. Бүгінде бір ғана Түркістан облысындағы мектептерде 631 мың оқушы бар болса, оның 36 627-і – әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балалары.