«Шымкент жастар лигасы» ойындары басталды

336

Қала әкімдігінің бастамасымен бүгін Шымкент жастар лигасы ойындары басталды. Жаңа жоба спорт арқылы мектеп оқушылары арасында салауатты өмір салтын қалыптастырып, чемпионаттарға команда жасақтауға ықпал етеді.

Қазан айына дейін жалғасатын сайыстарға шахардағы 140 мектептен 140 команда қатысуда.

Шымкент жастар лигасының салтанатты ашылуында айтылған құттықтаулар мен тілектер мектеп оқушыларына арналған. Спорт ойындары олардың бойында ерік пен табандылықтың қалыптасуына, командалық рух арқылы жеңіске жетуіне жетелейді. Жаңа үлгідегі жобада командалардың атауы, ұраны, эмблемасы, команданың бірыңғай киімі үлігі мен спортшыларды қолдайтын фан-клубтардың да өнері бағаланады.

Наурыз-маусым аралығында волейбол, баскетбол, футбол ойындарынан үздіктер анықталса, қыркүйек пен қазанда шахматтан озық команда белгілі болады. № 69 мектептің оқушысы Мөлдір Әсетбай сайысқа бір ай көлемінде дайындалғанын айтады. Командасының міндеттті түрде үштіктен көрінетініне сенімді.
«Қарысластарға сәттілік тілеймін, Бірақ  жеңіс біздікі болады», дейді  Мөлдір ӘСЕТБАЙ, №69 мектептің оқушысы.

Шымкент жастар лигасы ойындарының басты жүлдесі 20 млн. теңге «Шымкент- Кайырымды қала» жобасынан қаржыландырылады. Сонымен қатар, ойында шеберлік көрсткендер «Үздік қақпашы», «Үздік қорғаушы», «Үздік ойыншы», және одан бөлек «Үздік жетекші», «Үздік жанкүйер» , «Үздік фан клуб» пен тәрбиеші, білім беру мекемесінің үздіктері марапатталады.

«Қаладағы  4 ауданнан 4 команда анықталады. Сосын 16 қыркүйектен бастап орта арнаулы оқу орындарына сайысқа түседі»- дейді Шымкент қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Ерлан АЙТБАЕВ.

Тартысты ойындардың барысы, жеңімпаздар жайлы ақпарат «Шымкент жастар лигасы» әлеуметтік желісінде тұрақты жарияланып отырады.

Шынар Оразова