Мардан Сапарбаев атындағы Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық институтынан биыл 950 түлек қанат қақты. Қолдарына дилом алып, белгілі бір мамандық иесі атанған жастардың қуанышында шек жоқ. Жаңа өмірге бет алған қыз-жігіттердің қуанышымен біздің түсірілім тобы да бөлісіп қайтты.
Бұл кызыққа толы студенттік өмірдің соңғы сәттері. Көңілдері алып-ұшқан жастар білім ұясымен қоштасады. Түлектерге дипломдарын тапсырған жоғары оқу орнының басшылығы оларға сәттілік тілеп, кезекті лекті қанат қақтырды.
Тоғжан Анафияева, М.Сапарбаев атындағы ОҚГИ түлегі: «Мен осы институтта білім алғаным үшін бақыттымын. Барлық түлектерге сәттілік, жеңіс, жоғары жетістіктер тілеймін. Мен шет тілі факультетін аяқтадым. Ағылшын, қытай тілі. Бұл мамандық қазір сұранысқа ие. Біздің мамандық шетелдік компаниялармен, жоғары оқу орындарымен тығыз байланысты».
Биыл Мардан Сапарбаев атындағы гуманитарлық институтта жуырда ашылған «Дизайн» факультетінен алғашқы түлектер қанат қақты. Жоғары оқу орны оқытушылары соңғы екі жылда жастар арасында «Есептеуіш техника мен бағдарламамен қамту», «Педагогика және бастауыш оқыту әдістемесі», «Педагогика және психология», «Құқықтану», «Қаржы» мамандықтарына сұраныс артқанын айтады. Жылдан жылға жұмыспен қамтылып отырған түлектер саны да көбейіп отыр дейді оқытушылар.
Ерлан Оңласынов, М.Сапарбаев атындағы ОҚГИ ректоры: «Былтырғы жылы жұмысқа орналасу деңгейі институт индикаторы бойынша 76,3 пайызды құрады. Биыл да біздің студенттер сұранысқа ие. Тәжірибеден өткен мекемелер түлектерге түрлі ұсыныстар жасап отыр».
Мардан Сапарбаев атындағы Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық институты 14 мамандық бойынша оқытады. 54 кандидат және 2 ғылым докторы сабақ береді. Бірнеше мамандық бойынша білім алып жатқан студенттер шетелде тәжірибеден өтуге мүмкіндік алып отыр. Бірнеше жылдан бері институт өңірдегі жекеменшік оқу орындары арасында ҰБТ өткізу үшін базалық орталыққа айналған.