Бүгін Мақтаарал ауданы әкімдігінде аппарат мәжілісі өтті. Жиынды жүргізген аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков жиынға қатысушыларға аудан әкімі Бақыт Асановтың хаттамалық тапсырмаларын орындауды жүктеді.
Жаңадан құрылған ауданда ең бірінші болып «Мақтаарал ауданы әкімі аппараты» мемлекеттік мекемесінің Ережесі әзірленіп, Әділет органдарында тіркелуі керек. Сондай-ақ, аудан әкімдігінің дербес бөлімдері және кенттер мен ауылдық округ әкімдіктерінің штаттық құрылымы аудан әкімінің қаулысымен бекітілетін болады. Жаңадан құрылған «Мақтаарал» және «Жетісай» аудандарының құрылуына орай комиссия жасақталып, оның жұмысшы органы болып Мақтаарал ауданының экономика және қаржы бөлімі белгіленетін болып шешілді, деп хабарлайды Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі.
«Жетісай қаласынан Мырзакент кентіне үдере көшкен аудандық дербес бөлімдер орталықтағы №120 жалпы орта мектебінің ғимаратына жайғасты. Корпуста интернет желісі, электронды құжат айналымының біріңғай жүйесі, мемлекеттік органдардың интранет-порталы және ақпараттық жүйелерді орнату жұмыстары талапқа сай жүргізілуде» — деді Б.Төребеков.
Аудан әкімінің орынбасары ең бірінші кезекте аудан орталығына абаттандыру жұмыстарын бастау керектігін айтты. Атап айтқанда, аудан орталығы Мырзакент кентіне су сепкіш көлік бөлініп, күнделікті орталық көшелерге су себу жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, Қожанов, Мадиходжаев, Тойғанов көшелерінің ортасында орналасқан бордюрлердің топырақтары тегістеліп, әктеу-сырлау жұмыстары жасалынатын болады. Ал, көшелердің жол белгілері мен сызықтары ретке келіп, ауданның кіреберісіндегі Азаттық елді мекенінен бастап Атакент кентіне дейін, одан Мырзакент кентіне дейінгі жолдардың бойындағы бұзылған түнгі жарықшамдар жөнделеді. Сондай-ақ, Мақтаарал ауданына, Атакент кенті мен Мырзакент кентіне кіреберіс қақапалардың сәулеттік жобасы жасалып, ауданды жаңа кейіпке ендіру көзделуде.
Хаттамалық тапсырмада аудан әкімі аппараты ғимаратын жөндеуден өткізу, кентте орналасқан Пушкин атындағы жалпы орта мектептің аумағындағы бос жерге кент әкімдігінің ғимаратын салу, аудан аумағындағы мәдениет және спорт нысандарын абаттандыру, ескі ғимараттарды қайта қалпына келтіру мәселелері де қаралған. Кәсіпкерлерді арнайы жинап, оларға ұсыныс беру арқылы аудан орталығында сауда орталықтары мен кәсіпкерлік нысандарды көптеп салу да жоспарда бар.
Айта кетейік, осы аптаның жұма, сенбі күндері мемлекеттік қызметкерлердің қатысуымен аудан орталығы Мырзакент кентінде жаппай сенбілік өтеді.