Қалалық мәслихаттың сессиясынан соң қала әкімінің мәжіліс залында Елордамыз Астананың 20 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті. Шымкенттің әкімі қаланың дамуына сан салаларда өзіндік үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарға мерейтойлық медаль табыс етті. Олардың қатарында Еңбек ардагерлері, ақын-жазушылар, педагогтар, құрылысшылар, коммуналшылар, жорналшылар да болды.

Мерейлі мереке қарсаңында медальға лайық деп танылғандардың бірі де бірегейі «Отырар» телеарнасының бас редакторы Зәуре Оралбаева да бар. Талай талантты тілшінің топшысын қатайтқан, тәлімгер ұстаз, әріптесіміз Зәуре Әбдіхамитқызының жетістігіне бек қуанулымыз. Тілшілер шеберханасының бас ұстазы атанған қаламгер әріптестің бағындырар биігі әлі де алда деп білеміз.