Кітапханадағы «ас мәзірі»…

842

Бүгінде жастарды кітап оқымайды деп күстанаушылар көп. Бәлкім оларды кітапқа деген қызығушылығын оята алмай жүрген шығармыз?! Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында күні кеше «Отырар» қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасы керемет шара ұйымдастырды. Аталған шара алдағы уақытта да жалғасын табады деген үміттеміз…

«Отырар» қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында Кітапхананы дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен «Кітаптар деликатесі» атты библиокафе өткізілді. Шара барысында кітапхананың барлық бөлімдері кітапханамыздың бай кітап қорын насихаттау мақсатында оқырмандарға ең үздік, мазмұны терең әр түрлі жанрдағы кітаптарды ұсына білді.

Библио-кафеде оқырмандарға арналған кітаптардан құралған алты ас мәзірі дайындалды: 1 – ші ас мәзірі – «Уытты дәмдеушілермен дайындалған тағамдар» деп алынып, аты айтып тұрғандай онда шытырман оқиғалы детектив, фантастика жанрындағы әдебиеттер қойылса, 2 – ші ас мәзірінде – «Ұлттық тағамдар», яғни көркем әдебиеттер, 3 – ші ас мәзірінде – «Десерт», яғни кітапханамызға жаңадан келіп түскен кітаптар қойылды. 4 – ші ас мәзірі – «Караоке-бар» деп аталып, онда оқырмандар қазақтың ән жинақтарымен танысып, өз дауыстарымен ән шырқады.

5 – ші ас мәзірі – «Интернет-кафеге» айналып, оқырмандарға кітапхананың интернет бөлімінің жұмысы таныстырылды. 6 – шы ас мәзірі кішкентай оқырмандарымызға арналған кітаптар «Жеміс-жидектер және сусындар» деп аталып, тек балған балаларға арналған әдебиеттермен толықтырылды. Шараға келген мәртебелі оқырмандар әр қойылған ас мәзірімен танысып, керемет көңіл күйде қайтты.