Бүгін облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 30 полицейдің үстінен қозғалған қылмыстық іске орай сот отырысын бастады. Бұл іске қатысы бар тағы 8 делдал жауапқа тартылуда.
Алғашқы сот отырысының өзінде-ақ қатысушылар көп болды. Тіпті күдіктінің туысытары сот процесіне кіру үшін бір-бірін таптап кете жаздады. Қатысушыларды түгелдеген мамандар сот отырысын бір сағат кеш бастады.
Естеріңізге сала кетейік, 2016 жылдың шілде айында облыстық ІІД әкімшілік полициясының тіркеу-емтихан бөлімінде арнайы операция жүргізіліп, нәтижесінде басшысынан бастап 38 қызметкер ұсталған болатын.
Ұсталғандарға ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, оған жетекшілік етті, пара алды және берді, қызмет бабын асыра пайдалана отырып, сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасады деген айып тағылып отыр. Айта кетейік, қылмыстық іске қатысты тергеп тексеру жұмыстары екі жылға созылған.