Шымкентте «Шабдалы» толық метражды фильмінің көрсетілімі өтті. Кинотуынды түсірілімі Жетісай қаласында басталып, Шымкент пен Түркістанда жалғасқан. 15-ші «Евразия» кинофестивалінің аясында көрерменге жол тартқан «Шабдалы» Астана қаласының 20 жылдығына арналып отыр. «Асыл арна» телеарнасының төл туындысын біздің түсіру тобы да көріп қайтты.
Фильмдегі негізгі оқиға 2000 жылдарды қамтиды. Киноның көп бөлігі өмірде болған уақиғалар. Жырау Алмас Алматовтың осы аттас шығармасы «Шабдалыға» арқау болған. Көркем шығарманың негізгі ойын жеткізуде біраз қиындықтар болғанын қоюшы-режиссері Жандос Құсайынов жасырмай айтып берді.
Жандос Құсайынов, «Шабдалы» фильмінің қоюшы режиссері: «Түсірілім 2017 жылы басталды. Негізі жалпы алғанда 30 күнге жуық. Сценарийді де бір айдың көлемінде жаздым. Бұл фильм Алмас Алматовтың «Шабдалы» әңгімесінің желісінде түсірілді. Бұл төртінші фильмім. Бұған дейін «Сергелдең», «Шатқал» деген фильмдер түсіргенбіз. Бұл фильмнің ерекшелігі- түпнұсқаның авторы бар. Көпшілікке жақсы таныс шығарма. Сондықтан да жауапкершілігі жоғары. Басында жүрексінгенім рас. Қандай да бір шығарманы экранизациялау қиын дүние. Авторға, шығармашылық топқа көрсеткеннен кейін оң бағасын алып, көпшілікке, прокатқа шығып жатқан жайы бар».
Прокурор боламын деп үздік оқыған бойжеткен асқақ арманынан бас тартып, оңтүстіктің, яғни, мақтааралдық жігіттің етегінен ұстап кете барады. Жалғыз перзентінің өмірлік жоспарының талқаны шыққанына келісе алмаған анасы қызын қайтару үшін қолынан келгенін істеп бағады.
Жалт-жұлт еткен дүние, жылтыр беттің емес, ыстық қайрат, нұрлы жүректі жігітті бағым деп білген бойжеткеннің бұл әрекеті арқылы талайға ой салмақ болғанын айтады шығармашылық топ. Айтпақшы, басты ролді, яғни, ана ролін сомдаған актриса Шолпан Елгезекова Жетісай жеріне алғаш рет барғанын, тіпті жалғыз қызын тағдыры тура келсе оңтүстіктің жігітіне беруге разы болатынын да жасырмады.
«Шабдалы» фильмінің айтар ойы дендей білгенге берері мол. Адамдық пен адалдық қасиеттері мен отбасылық құндылық, қыз бала тәрбиесі, отбасындағы ер адамның ролі… тізбектей берсек, түйсінгісі келгенге тереңі тұңғиық. Негізгі оқиғаның оңтүстік өңірінде өрбуі де тегін емес дейді идея авторы Мұхамеджан Тазабек мырза.
Мұхамеджан Тазабек, «Асыл арна» телеарнасының басшысы, «Шабдалы» фильмінің авторы: «Бұл шын мәнісіндегі рухани жаңғырудың іс жүзіндегі көрінісі ғой. Ұлттық қазынамыз оңтүстікте жатқаны өтірік емес. Қарапайым еңбек адамдарында жатқаны өтірік емес. Ауылдағы қарапайым адамдардың қарым қатынастары, бауырмалдықтары, ізгілікті қасиеттерін көрсеткіміз келді. Сол арқылы біз сырттан танылған пиғылдарға, сипаттарға қарсы қолданған тәсіліміз ғой».
Фильм бас аяғы бір айда түсірілген. Актерлердің бірқатары оңтүстіктің тумалары мен осында қызмет етіп жүрген таланттар. «Шабдалы» кинотуындысының тілі де күнгейлік диалектіге бай. Сондықтан да көрерменнің қабылдауы да ерекше болды.
«Шабдалыға» дейін де бірталай туындыны бірлесіп түсіріп, қазақ көрерменіне сыйлап үлгерген шығармашылық топтың алдағы уақытқа жоспары көп екен. Тәлім мен тәрбие, ұлттық құндылық, рухани уыздың иісі аңқыған дүниелердің экранға шығарына сенім мол.
Жанар Есенбекова