Шымкентте субұрқақтар көбейеді

109

Шымкентте субұрқақтар көбейеді. Маусым басталғалы іске қосылған шаһардағы 23 фонтан қазір кестеге сай жұмыс істеп тұр. Мамандар әрбір субұрқақтың қосылуынан бастап, ұңғымасының таза болуы қадағаланып отырады дейді.

Диаметрі 30 метрді құрайтын бұл бассейнді шіліңгір шілдеде балақайлар шомылу орнына айналдырады. Рұқсат жоқ әрине, оны тыңдайтын бала бар ма? Балалар түгілі кейде субұрқақты қызықтауға келетін ересектердің өзі күннің ыстығына шыдай алмай суға шайынып алатынынын мамандар да жасырмайды.

Құрылғыларды бүлдіріп, жұртшылыққа салқын леп сыйлап тұрған субұрқақтардың жұмысына кедергі келтіретіндер де бар дейді мамандар. Көріктендіру саласына жауаптылар күн сайын бұл аумақтарды аралап, ақаулықтарды ретке келтіреміз деп сендіреді.

Жандос Оразов, қалалық көріктендіру секторының меңгерушісі: «Шымкент қаласындағы 29 су асты жерін реттейтін тік ұңғымалар мен 23 субұрқақты күтіп ұстауға биыл 163 млн. теңге бөлініп отыр. Қазір қаладағы барлық субұрқақ кестеге сай жұмыс істеп тұр».

Шымшаһардағы 23 субұрқақтың төртеуі әсем әуенге елітіп «билейді». Оның бірі жаңадан бой көтерген «Нұрсәт» шағынауданында орналасқан. Жаз айларында кешкісін құлақ құрышыңызды қандыратын музыка үні, түрлі шырақтармен шағылыса көкке атылған су бұрқақтар айналаға ерекше сән беріп тұрады.

Кешкісін бұл маңайды қарақұрым халық қаптайды. Жас та, жасамыс та бала-шаға да осында. Бүгінде адам аяғы үзілмейтін демалыс орнына айналған гүлзарға фонтанды қызықтауға келген жұртшылық сауданың көрігін де қыздырады.

Мамандар субұрқақ суын қажеттілікке орай аптасына бір рет ауыстырып отырады. Алды сәуір айынан бастап іске қосылатын фонтандардың жұмысы ауа райына қарай күз айларына дейін жалғасады. Мамандар алдағы уақытта шымшаһарда тұрғындарға сая сыйлайтын нысандар қатырының көбейетінін айтады. Қалада бой көтеретін «Арбат» жобасы мен салынып жатқан өзге де құрылыс нысандарында субұрқақтар салу жоспарланып отыр.