Шымкентте суға түсіп жұмбақ жағдайда қаза тапқан жеткіншектің жағдайына қатысты жаңа деректер шықты. Марқұмның ата-анасы мәлімдегендей, перзентінің тоқ ұрып қайтыс болғаны туралы дәрігерлер қорытынды берген.
Ал қайғылы жағдайдан кейін қауіпті аймақта тұратын тұрғындар бүгін шу шығарып, биліктегілерден көмек сұрады. Қыздың өлі денесін судан алып шыққан куәгер оқиғаның қалай болғанын тілшілерге айтып берді. Мәйітті судан шығарған жеткіншектің өзін тоқ ұрыпты. Өйткені канал маңында суды бұрғылау үшін электр сымдары ашық жатқан.
Ал қаза тапқан 14 жастағы Валерия Носикованың ата-анасы перзентінің өліміне себепкер болғандарды қатаң жазаға тартуды талап етуде. Марқұм жеткіншектің ата-анасы ІІБ арыз жазған. Бірақ он күн бұрын болған оқыс жағдайға байланысты полицейлер Валерия Носикованың ата-анасын тергеуге шақырмаған. Дегенмен дәрігерлер марқұмның туысына жеткіншектің тоқ ұрып қайтыс болғанын растайтын анықтама беріпті.
Константин Гончаров, марқұм жеткіншектің әкесі: «Алғашқыда баламның өлі денесін көріп шошып кеттім. Оқиғаны қызымды судан алып шыққан Руслан деген жігіт айтып берді. Полиция келіп, осы жерде барлығын түсіріп кетті. Арыз жаздық, қылмыстық іс бойынша. Бірақ он күннен бері бізге ешкім хабарласып, шақырмады. Бұл жер құпиялы әскери аймақ емес, қарапайым адамдар жүретін қоғамдық орын. Сондықтан бұл жерді қауіпсіз етуін талап етеміз».
Құзырлылардың мәліметінше, аталған жәйт сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Сараптамалар тағайындалды. Сотқа дейінгі тергеп – тексеру амалдары жүргізілуде.