Шымкенттің «Астаналары» көп…

1065

Астанада шымкенттіктер көп. Бұл ретте әзіл әңгімелер де баршылық. Десек те, үшінші мегаполис тұрғындары Астананы ерекше жақсы көреді. Елордамен мақтанатын жерлестеріміздің арасында Астана есімді жігіт те бар. Ал Астана даңғылының бойынан жақында жаңа шағынаудан ашылды. Астанамен шымқалалықтарды байланыстыратын тағы не бар?

Елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешімді Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі 1994 жылы 6 шілдеде қабылдаған. Астананы ресми көшіру 1997 жылғы 10 желтоқсанда жүзеге асты. Президенттің Жарлығымен Ақмоланың атауы 1 жылдан соң Астана болып өзгертілді. Содан бері тура екі онжылдық өтті. Күн санап өсіп жатқан Астана қазіргі таңда Шығыстың да, Батыстың да сәулеті мен өнерін, даму бағыттарын өн бойына үйлестірген бірегей қала атанып отыр. Оған көз тіккендер көп.

Шымкенттің де өз «Астанасы» бар. Ол Астана даңғылы деп аталады. Шымшаһар тұрғындары үшін ол Шымкенттің жүрегі іспеттес. Себебі, бұл нысан облыс әкімдігінің ғимараты, облыстық «Отырар» кітапханасы, Түркістан сарайы сынды түрлі мәдениет ошақтары бой көтерген жаңа шағынауданда орналасқан. Әрі айналасы күн сайын көркейіп келеді

Қаладағы үлкен даңғылдардың біріне айналған бұл жол 2012 жылы 6 шілдеде, Астана қаласының 14 жылдығына орай ашылған. Қалаға жаңа леп берген даңғылдың бойында бүгінде көптеген биік ғимараттардың, көкке бой созған зәулім тұрғын үйлердің құрылысы қарқынды жүруде.

Шымкентте Астана есімді жігіт те бар. Ол – Астана Қарғабай. Ол – әнімен талайлардың жүрегін жаулаған әнші. Астана — Шымкенттің тумасы, әлі де үшінші мегаполисте тұрады. Ол 2015 жылғы «Х фактор» музыкалық жобасында жеңіс тұғырынан көрініп, Шымкенттің атын барша Қазақстанға шығарғаны есіңізде болар?! Содан бері оның музыкамен жаны егіз.

 

Астана Қарғабай — отбасының жалғыз ұлы. 10 жыл дегенде , ата-анасының тілеуімен дүниеге келген қара бала әке-шешесінің үмітін ақтады. Талай биіктерді бағындырды. Анасы Астанамен мақтанады.

Астана әуезді ән орындауымен ғана емес, ерекше атымен де танымал. Бір қызығы, ол Астананың туған күнінде дүниеге келмеген. Оның есімінің өз тарихы бар. Әкесінің айтуынша, Астананың атасының екі інісі соғысқа аттанып, кері қайтпаған. Солардың бірінің есімі Астана болған екен. Алпысбай Қарғабай (Астананың әкесі) ағасы сияқты батыр болсын деп баласының есімін Астана деп қойған.

Астана десе Шымкент қаласының тұрғындарының ойына бірден зообақ түседі. Неге дейсіз? Өйткені бұл жерде Астана атты сұлу да бойшаң керік мекендейді. Астана күнінде дүниеге келген керік сегіз жасқа толады.

Зообақта адамдардың ең көп шоғырланған жерін көзіңіз шалып қалса, ол жерде Астана бар деген сөз. Сұлу керікті баладан бастап ересектерге дейін жақсы көреді. Тамақтандырады. Маңдайынан сипайды, тіпті естелікке фотоға түседі. Астананың мұндай жағдайға еті үйреніп кеткен, тіпті өзі де келушілермен ойнап, селфи жасауға құмар-ақ. Астана Шымкент зообағына Алматыдан 2012 жылдың 13-қыркүйегінде әкелінген. Ол кезде небәрі 2 жаста еді. Биыл сегізге толатын сүтқоректінің бойы 5 метрден асады. Айтпақшы, керіктің туған күні жыл сайын тойланады.

Нысан, әнші, керік – барлығы да Астанамен аттас. Астана күнін тек олар емес, барша шымкенттіктер асыға күтеді. Сондықтан да бас қаланың 20 жылдық мерейтойын осыдан бірнеше ай бұрын тойлауды бастап жіберген. Алда тағы да ауқымды шаралар өткізіледі. Шымқала тұрғындары оған міндетті түрде қатысамыз, дейді.

Қазақ елінің Тәуелсіздігі іспеттес Елорда биыл 20 жасқа толып отыр. Білдей бір мемлекеттің Астанасы үшін бұл қасқағым сәт секілді. Алайда осы уақыттың өзінде Астананың дәулеті тасып, сәулеті асты. Сіздер, соның куәгерлерісіздер! Астананың туған күні құтты болсын!