Шымкенттің түлектеріне басқа қалалардағы ЖОО таңдауға шектеу қойған кім?

934

Бүгін жоғарғы оқу орындарына түсуге құжат қабылдау басталды. Еліміз бойынша талапкер өзі таңдаған мамандықтарын белгілеп, ЖОО -ды таңдауға құқы бар. Алайда, Шымкенттегі М. Әуезов атындағы мемлекеттік университетіндегі қабылдау комиссиясы таңдауға шектеу қойып отыр.

 

 

 

 

 

 

 

Құжат өткізуге келген талапкерлер мен олардың ата-аналарына өзге қаладағы ЖОО -ын таңдауға мұрша бермеген. Осылай деп шағымданған ата-аналар, балаларының құқығын таптап отырғанын айтады. Алматы мен Астанадағы және өзге қаладағы ЖОО орнын таңдау алдын, бірінші, екінші университет ретінде өздерін белгілеуді талап еткен.

Ақмарал Мұхашева, ата-ана: «Менің қызым жоғары балл алған. Енді Алматыда оқығысы келеді. Бүгін құжат тапсыруға келсек, тек ОҚМУ-ін таңдайсыздар дейді. Біз таңдаған мамандық жоқ десем, онда сол Алматыңызға барып тапсырыңыз деп отыр».

Ата-ана: «Бүгін келсек, өзге қаланы белгілеп, басқа ЖОО таңдауға мүмкіндік бермеді. Себебін сұрасақ, ереже солай дейді. Бұған дейін дәл осында құжат тапсырып, Астананың ЖОО-на түскенбіз. Енді келіп, бәрі өзгерген дейді».

Талапкер: «Бесінші столға келіп, өзге қаланы айтсам, «жоқ ең алдымен біздің университетті 1, 2-ші етіп таңдайсың, сосын басқа қаланы жаза бер» деп тұр. Менің балым жетпейді, ертеңгі күні бекерге грантқа ілінбей тағы қалып кетем ғой».

Ал қабылдау комиссиясының хатшысы бұлай болуы мүмкін емес дейді. Оның түсіндіруінше, бүгін база жұмыс істемей тұр. Салдарынан құжат қабылдай алмай отыр екен. Ал кеңесшілерінің қателігі үшін жауап бермейтінін ашық айтты.

Мұрат Айтөреев, қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы: «Бүгін Ұлттық тестілеу орталығының базасы ашылмай тұр. Биылдан бастап құжат қабылдау онлайн режимде жүргізіледі. Яғни, бұрынғыдай белгілейтін қызыл бланк жоқ. Онлайн режимде сертификат нөмірін терген кезде сол жерден фамилиясы шығады. Сол жерге мамандықты көрсету қажет. Ол бізде қазір ашылмай тұр».

Ата-аналар, сол орталық базаның жұмыс істемей тұрғанына сенбейді. Өйткені, М. Әуезов атындағы университеттің мамандықтарын таңдаса істеп кететін базаға сенімсіздік танытып отыр. Түсірілім тобы құжат қабылдап жатқан өзге де жоғары оқу орындарындағы қабылдау комиссияларын аралап көрді. Расында да, база істемей тұр екен. Бірақ, бұл жақта, бізді таңда деп жатқан бір адамды байқамадық.

Ардақ Жақсылықова