Шымкенттіктер 1 шілдеден өскен зейнетақы мен жәрдемақыларды ала бастады

658
Шілдеде өскен зейнетақы мен жәрдемақы берілуде

Өскен зейнетақы. Бүгін шымкенттік зейнеткерлер 1-шілдеден бастап, қайта есептелген зейнетақыларын алып жатыр. Үлестіруші банк өкілдерінің айтуынша, төлемдер екі  күн бұрын беріле бастаған. Бүгін банкомат карточкалары арқылы алатындарға аударылған. Зейнеткерлер қосылған үлес ақшаның мөлшері әлі де аз деп отыр.

Қала тұрғыны: «Мен Семей полигонында әскери борышымды өтегенмін. Ешқандай өсімді байқамадым. Орталықтан себебін білемін».

Зейнеткер: «Ақша кімге жеткен еді? Өзімнің есебім бойынша он мың теңге қосылуы тиіс еді, алайда жеті мың теңгеге зейнетақым өсіпті, оған да шүкір».

Естеріңізге сала кететйік, 1 шілдеден бастап елімізде зейнетақы мен бала туғанда берілетін бір жолғы жәрдемақы көлемі 20 пайызға, әскери қызметшілердің жалақысы 25 пайызға өсті. Биылғы жылы бірінші кезеңде, яғни, 1 қаңтардан бастап ынтымақты зейнетақы мөлшері 9 пайызға, базалық зейнетақы 7 пайызға артты.

Ал екінші кезеңде, яғни, биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап ынтымақты зейнетақы мөлшері 11 пайызға, базалық зейнетақы мөлшері 13 пайызға көбейеді. Нәтижесінде, шілдеден бастап ең төменгі зейнетақы — 45 711 теңгені, орташа зейнетақы — 66 676 теңгені құрайды. 2016 жылы ең төменгі зейнетақы көлемі — 37 789 теңге болған еді, сәйкесінше бүгінгі көрсеткіш 2016 жылдың 1 шілдесіндегі көрсеткішпен салыстырғанда 20 пайызға көбірек.