Шымкенттіктер Денис Тенді еске алу үшін Мұз сарайына жиналды

120

Шымкенттіктер қайғылы оқиға салдарынан ажал құшқан Олимпиада жүлдегері Денис Тенді Мұз сарайының алдында еске алды. Аза тұтуға жиналған жұрт Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денистің туған-туысқандарына көңіл айтып, қайғыларына ортақтастығын білдірді. Жарқ етіп, сөнген жұлдыздың қазасына қайғырғандардың арасында арнау арқалай келгендерін де кезіктірдік.

Денис Тен — әрбір шымкенттік мәнерлеп сырғанаушының кумирі. Содан болар, марқұмның құрметіне арналған шараға оңтүстіктің ең жас спортшысына дейін келіп, гүл шоқтарын қойды. Көпшілік, Олимпиада жүлдегерін еске алды. Рухына тағзым етті.

Кәріс этно-мәдени орталығының өкілдері де жиналып, Денистің отбасына көңіл айтты. Спортта — Чемпион, ал қарапайым өмірде — үлгілі ұл, бауырмал жан деп танитындар, анасына сабырлық тіледі.

Естеріңізге салайық, шілденің 19-ы күні Алматы қаласының ауруханасында Денис Тен бақилық болды. Темір тұлпарына ұрлыққа түскен бұзақылар спортшыға пышақпен ауыр жарақат келтіріп, нәтижесінде ел мақтанышы ақ халаттылардың қолында көз жұмды. Денистің ізбасарлары Шымкентте де өсіп келеді.

Мәнерлеп сырғанаудан ел тарихында алғаш рет олимпиада ойындарында жүлдегер болған Денистің есімі ел есінде қалады.

Сарбиназ Алдабергенова