Түркістан облысында коммуналдық төлемдер қымбаттаған

435

Түркістан облысының халық саны 1 955 219 адамды құрап отыр. Оңтүстік өлкесінің 80 пайыздан астам тұрғыны ауылдық жерде тұрады. Туу және табиғи өсім көрсеткіші бойынша елде 1 -орында келеді.

Күнгейліктердің жан басына шаққандағы нақты ақшалай табысы өсіп, 46 231 теңгені құраған. Дегенмен коммуналды төлемдерде өсу байқалады. Мәселен, электр энергиясы 6 пайызға, су 12 пайызға қымбаттаған. Түркістан облысындағы орташа жалақы көлемі 102 080 теңге шамасында. Дегенмен жергілікті әкімшілік өзгерістерге байланысты әлі де нақты статистикалық көрсеткіштерді саралау қиындық тудыруда дейді бүгін журналистермен жүздескен облыстық Статистика Департаментінің басшысы Айдар Ахметбекұлы. Сондай — ақ, жауаптылар орташа айлық көрсеткішінің қалай есептелетіндігіне тоқталып өтті.

Оңтүстікте ең жоғары жалақыны созақтықтар алады. Ал ең төменгі еңбекақы Сарыағаш халқына тиесілі екен. Өңірдегі орташа жалақы көлемі — 102 080 теңгені құраған. Саялы Сарыағаштың тұрғындары жетпіс мың теңге айлықты місе тұтады. Облыстық Статистика Департаментінің басшысы Айдар Ахметбекұлы орташа айлық көрсеткішінің қалай есептелетінін айтып, тиын-тебеніне дейін санап берді.

Орташа жалақысы өскен өңірде күн көру қолайлы. Өзге аймаққа қарағанда, айлығың шайлығыңа да жетеді. Бірақ мамандар мұнымен келіспейді. Айтуларынша, биыл азық-түлік бағасы мен коммуналдық қызмет ақысы едеуір өскен. Бір ғана мысал, тұтынған ауыз судың текше метріне 87 теңге төленіп келсе, шілдеден бастап 10 теңгеге қымбаттапты.

Елена Евдокимова, департаменттің басқарма жетекшісі: «Жалпы тұрғын үй коммуналдық төлемдер 17 пайызға өскен. Су және кәріз жүйелері төлем бағалары 13 пайызға, қоқысты шығару 67 пайызға, көгілдір отын 10 пайызға қымбаттаған».

Облыста құрылыс жұмыстары қарқын алған дейді статистер. Есептерінше пайдалануға берілген тұрғын үйдің қатары 30 пайызға көбейіп, қоныс тойын тойлаушылардың қатары артты деп отыр.

Айдар Әбілдабеков, Түркістан облыстық статистика департаментінің басшысы: «Құрылыс жұмыстарының 50,7 пайызын немесе 22365 млн. теңгені тұрғын және тұрғын емес ғимараттар құрылысы алады. Пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы алаңы 202 мың шаршы метрді құраған».

Сіз бен біз мән бере бермейтін сандарды саралап, ай сайын қорытып, тоқсан сайын есеп беретін жуаптылар жағдайдың жақсарғанын жеткізді. Қарапайым халық еңсесін көтеретіндей жалақы алып, шығынын жауып отырғаны қуантады. Десе де жұмыссыздар саны азаймай отырғаны жанға батады.

Жанар Есенбекова