31 миллиард теңге! Қомақты қаржы Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы тапсырмалардың облысымызда жүзеге асуы үшін жұмсалып жатыр. Жыл ішінде атқарылуы тиіс жоба-жұмыстарға бұдан бөлек жеке кәсіпкерлер мен демеушілердің өз қалтасынан теңге қарап, жомарттықпен қолдап-қуаттағанын тағы қосыңыз.
Бұл жөнінде бүгін «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің өңіріміздегі жетекшісі Бақытжан Әшірбеков жорналшылармен өткен жиында мәлімдеді. Айтуынша, әзірге Түркістан облысындағы тарихты түгендеп, көш ілгері дамыған жаңа технологияны еркін еңсеру мақсатында 168 іс-шара мен 46 жобаға бекітілген. Және тиісті бастамалар тек Шымкентте емес, аудан-ауылдардың ауқымын қамтып, тұлғалардың есім-ерлігінен бөлек, жер-су аттарын жаңғыртуға кіріскен. Атқарылған оңды істерді жіліктеп жеткізген жобалық кеңсе жетекшісі жергілікті жұрттың жауапкершілікке келгенде жалтаратынын да жасырған жоқ.
«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің өңіріміздегі жетекшісі бұл жиынды кәнігі көз үйренген жаттанды сөзден емес, жергілікті жұртқа деген өкпесі мен өтініш-тілегін жолдаудан бастады. Бақытжан Әшірбековтың айтуынша, қазір күнгейдегі киелі жерлердің тарихын түгендеп, шежіресін жинақтау жұмысы қызу жүріп жатыр.
«Қазақстанның киелі жерлері» арнайы жобасы бойынша өңіріміздегі 26 нысан республикалық тізімнен табылғаны қуантады және 78 тарихи-мәдени ескерткіштеріміз жергілікті маңызы бар қасиетті, киелі жерлердің қатарына еніп отыр екен. Бастысы анықталған аймақ пен табылған жәдігер-жасақтар жөніндегі ақпарат жұртшылыққа қолжетімді.
Бақытжан Әшірбеков, «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жетекшісі: «Биыл өңірдің көне қалалары, тарихи тұлғалары, табиғаты, киелі орындары, әдет-ғұрыптары туралы кітап шығару, фильм және анимациялық фильм түсіру жұмыстары басталды. Өңір басшысы Ж.Түймебаевтың қолдауымен өткен жылы балаларға арналған тарихи-танымдық анимациялық фильм мен облыстың киелі жерлерін насихаттайтын көп сериялы телехикая түсірілді. Атап айтқанда, «Күш атасы – Қажымұқан», «Киелі Қазығұрт», «Отырарды қорғау» сынды мультфильмдері мен 10 сериялы «Көне Жетігеннің сыры» атты фильмі. Аталған туындылар «Оңтүстікфильм» мекемесі мен «САҚ» киностудиясы тарапынан дайындалып, Астана, Шымкент қалаларында тұсаукесерлері өтті».
«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында ЖОО студенттеріне арналған гуманитарлық бағыттағы 18 оқулық аударылды. Өңірдегі 12 университетке 16000 дана кітап беріліпті. Қазір оқытушылар мен профессорлар, сала мамандары жаңа кітаптарды осы оқу жылына енгізуге, әдістеме дайындауға көшкен. Сондай-ақ, «Мемлекеттік тілдің латын қарпіне көшуі» арнайы жобасын жүзеге асыру мақсатында да ауқымды жұмыстар атқарылыпты.
Бақытжан Әшірбеков, «Рухани жаңғыру» облыстық жобалық кеңсесінің жетекшісі: «Шетелдерден келген жазушылар, облыстың зиялы қауым өкілдері, түркітанушы ғалымдарының қатысуымен «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандарттарын енгізу мәселелері» жөніндегі жиын, «Латын әліпбиіне көшу – ұлтымыздың жарқын болашағы» тақырыбында эксперттік талқылау, «Жаңғыру – жазудан басталады» атты семинар, «Тіл.Тәуелсіздік.Тағылым» атты ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды. Облыстағы кітапханада «Ұлттық мұра» тақырыбында жұртшылық латын әліпбиінде диктант жазды. Облыстық жобалық кеңсесінің алғаш рет өткізген диктант жазушылар қатарында зейнеткерлер, кітапхананың тұрақты оқырмандары, мұғалімдер, сондай-ақ студент жастар да бар».
Рухани жаңғыру аясындағы ерекше жобалардың бірі — Қазығұрт тауындағы арнайы кешен болса, шығыстанушы Әбсаттар Дербісәлінің ізденістері нәтижесінде Сайрамнан шыққан Сайрами, Отырардан шыққан Әл-Фараби, Яссыдан шыққан Ясауидің туындылары аударылып, жарияланатын болады.
Мөлдір Бекеева