Жаз басталғалы Түркістан облысының мәселе-машақаты толастар емес. Маусымдық қарбалас — көкөніс-жемістердің сапасы, той-томалақ — тойханалардағы түйін, табиғатқа серуендеу, шомылу науқанында кездесетін кереғар-кемшіліктердің саны күн санап артуда.
Бұл жөнінде облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшылығы жорналшылармен өткен жиында мәлімдеді. Айтуларынша, жаздағы 90 күнде талап-ережені ескермей, заңды белшесінен басатын жеке кәсіпкерлер қатары артып келеді. Салдарынан өңіріміздегі өзекті мәселелер қордаланған.
«Жаз енді келе жатыр», — деп жорналшылар алдында бейғам кейіппен, міз қақпай сұхбат берген облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшылығы, қазір шілденің бел ортасы екенін екшемесе керек. Табиғат аясындағы — жануар, жәндік-жорғалаушылардан жұғатын және тарайтын қауіпті дерттерден келген, тіркелген жәйттерді де енді жариялап, ескеріп отыр. Брифингте мәлім болғаны — осы кезде облысымызда Конго-Қырым қанды қызбасы расталған 3 жағдай тіркеліп, 1-уі — өлім құшқан. Сондай-ақ, эхинококкоз, тері лейшманиозы, қышыма секілді өзге де жұқпалы, инфекциялық аурулар кездесіп жатыр екен.
Жұмағұл Медетов, облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары: «Алда жаз айлары келе жатыр, білесіздер мынау жаз айларында ішек ауруларының саны өседі. Ол жылдағы болып жатқан жағдай. Дегенмен енді, ішек ауруларының көбеюі, улану секілді дерттердің жиі орын алуына — алдымен үй жағдайындағы тамақтарды дұрыс дайындау білу, сақтай білудің әсері мол».
Сондай-ақ, маусымдағы қарбаластың бірі — той-томалақ. Күнгейде барлығы 263 тойхана барын ескерсек, жылдық жоспар бойынша әрқайсысын 1 рет тексеріп-қадағалау облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментіне жүктелген. Ал тиісті мамандар, бақандай 6 айдың ішінде мұның 59-ын ғана тексеріп үлгерген. Өкінішке қарай, мекемелердегі техникалық және өзге де кемшіліктерден бөлек, медициналық байқаудан өтпеген қызметкерлер де жұмыс жасайтыны анықталыпты.
Алдан Ахметов, облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары: «Тойханаларды тексеру барысында, негізінен барлығында кездескен кемшілік — санитарлық талаптарды сақтамайды, ескермейді де. Және жиі кездесетін олқылықтар:
— Өнім қауіпсіздігі мен сапасын растайтын құжаттары алынбаған;
— қызметкерлер арнайы киімсіз жұмыс жасауда;
— бактериоцидтік лампа алынбаған;
— технологиялық процесс сақталмайды;
— тоңазытқыштар санының жеткіліксіздігі;
— жұмысшылардың медициналық қарап-тексеруден өткені, жұмысқа рұқсаты бар жеке медициналық кітапшасы жоқ. Осы соңғы кемшіліктің кесірінен, тойханалардағы 33 қызметші уақытша жұмысынан шеттетілді. Арасында даяшыдан бастап, аспаз да бар».
Мамандар шомылу науқаны басталғалы 35 су қоймасы және 45 шомылу хауызы, 8 жұмыс аквасаябағын тікелей бақылауына алыпты. Әзірге ешқандай заң бұзушылықтар мен олқылықтар анықтамапты.
Осылай деген облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары, сөз соңында маусымдық тексеру жұмысы тек тамыз айының соңында тәмамдалады деп бір-ақ қойды. Бірақ ондағы олқылықтардың жаз біткен соң анықталып, түзетуі үшін ұсыныс-талаптардың күздің күні жолдануы — қоғам үшін кешеуілдеп, талай түйткілдің өршуіне әкелуі әбден мүмкін.
Мөлдір Бекеева