Түркістан облысының бюджеттік кірісі 104,5 пайызға орындалды

295

2018 жылғы 1-ші жартыжылдың қорытындысы бойынша Түркістан облысының мемлекеттік бюджеттің кірістер жоспары 104,5 пайызға орындалған. 4 млрд. теңге қаржы артық түсіп, өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда түсімдер 8,3 млрд. теңгеге өскен. Бүгін бұл туралы селекторлық режимде өткен ҚР Үкімет отырысында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев мәлімдеді.

Аймақ басшысы өңір бюджетінің шығыстар бөлігі 99,9 пайызға атқарылып, 296,3 млрд. теңгенің игерілгенін жеткізді.

«2018 жылдың алғашқы жартыжылдығында облыстың  макроэкономикалық көрсеткіштері келесідей болып қалыптасты. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 209,9 млрд. теңгені, өткен жылдың сәйкес кезеңіне 96,1 пайызды құрады. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 147,1 млрд. теңгеге жетті. Облысқа бағытталған инвестиция көлемі 93,6 млрд. теңгеге жетіп, 2017 жылдың сәйкес кезеңіне 102,4 пайызды құрады.

Құрылыс жұмыстарының көлемі 44,2 млрд. теңгені, немесе 117,8 пайызға орындалған. Пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы алаңы 202,4 мың шаршы метр болып, өткен жылдың сәйкес кезеңіне 130,0 пайызды еңсерген. Алдағы уақытта көрсеткішті ұлғайту мақсатында іс-шаралар жоспары бекітіліп, тиісті шаруалар атқарылатын болады», – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Айта кетейік, еліміздің экономикалық процессінің өсімі сақталып, жалпы ішкі өнім көлемі 4,1 пайызға артқан. Экспорт көлемі 27 пайызға өсіп, импорт көлемі 19,4 пайызға жеткен.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі