Тыл ардагері Ырыс Әбілқашева — 103 жаста

1280

Ардақты тұлға, тыл ардагері, алтын құрсақты ана Ырыс Әбілқашева — 103 жаста. Қос ғасырдың куәгері — ел басына күн туғанда ерлікпен еселі еңбек етіп, елдің алғысын арқалаған. Қара жұмысқа жегіліп, саналы ғұмырын бүгінгі толқынның болашағына сарп еткен қарияны туған күнімен құттықтау үшін біз де Түлкібас ауданына арнайы бұрылдық. Ырыс әжейдің бүгінгі күйі бөлек. Көптің алдында беделі асып, абыройы тасып, мәртебелі таққа жайғасқан. Қос ғасырдың куәгері 103 жасқа толып, елдің құрметіне бөленіп отыр. Тойдың төрінде. Қуанышы қойынына сыймай, ұл-қыздарының қадамына марқая қарады. Көз алдындағы сәтті бақытқа балады. Байқағанымыз, қарияның самайындағы әжім мен алақанындағы әрбір тарам талай тарих пен көненің кереғар кездерін еске салады. Уақыттың Ұлы көшін ұмытуға мүмкіндік бермейді.

Ырыс Әбілқашева, тыл ардагері: «Қандай қиындықтарды көрсем де көндім. Бірақ соның арқасында қазір ешқандай қайғым жоқ. Тек кезіндегі ауыр жұмыстың салдарынан болса керек, аяғым ауырады. 100 жас деген оңай емес екен! Балаларымның қызығын көріп, қуанамын. Аллаға шүкір! Қазіргі басты арманым да осы — ұл-қыздарымның, немере-шөберелерімнің амандығы!».

Екінші дүние жүзілік соғыс — ел басына күн туған заманда кейіпкеріміз қол қусырып отырған жоқ. Жасынан еңбекқорлығымен ерекшеленген Ырыс Әбілқашева қара жұмысқа жегілді. Тылда еңбек еткен. Майдан алаңына артылатын ауыр жүк көліктеріне ағаш кесіп, томар артып, ауыр шаруаны атқарғаны, нан мен қара суға зәру болған кезі — әлі көз алдында. 26 жасында жесір қалып, тағдырдың қиындығын еңсерген ерлігін қазір перзенттері құрмет тұтып, қадірлейтіні қуантады.Игілік Кунисов, Ырыс әжейдің ұлы: «1941-45 жылдар аралығында ұрыс болды ғой, соған отын-суын дайындаған екен. Соғыс жылдарынан соң, мал бордақылау шаруасына жұмылған. Жұмыстың ауыр-жеңілін таңдамаған. Еңбекқорлығына біз ғана емес, ел тәнті! Әкесі де қолынан балы тамған шебер болған, сосын біздің анамыз да тігін тігетін. Әлі күнге өзі қолымен ине сабақтай алады».Қос ғасырдың куәгері Ырыс әжей жанарында тұнған майдан жарасын осылай жазады. Қазіргі толқынның баянды болашағын көріп, марқаяды. Кейіпкеріміз бүгінде 7 перзентінен, 38 немере, 136 шөбере сүйіп отыр.