Ы. Алтынсарин атындағы кітапхана ең көп оқитын оқырманын анықтады

671

«Әлемді кітап арқылы танимын!». Бүгін Ы.Алтынсарин атындағы балалар кітапханасы осындай тақырыптағы байқауды қолға алды. Жарыстың ерекшелігі сол — көпшіліктің рухани қазына — кітапқа деген құрметін еселеуі ғана емес, айтулы бәсеке тек оқырмандар арасында өрбиді.

Яғни, бұл байқауда кітапханаға жиі келіп, тұрақты оқырмандар тізімін толықтырғандардың енді әдеби сауат-білімі сараланып, жаттау қабілеті таразыланып жатыр. Ұйымдастырушылардың сөзіне сенсек, үміткерлер үшін екі бірдей ереже бекітіліп, жас ерекшелігі де ескеріліп отыр.Зоя Бегежанова, Ы.Алтынсарин атындағы балалар кітапханасының директоры: «7-10 жас аралығындағы балалар мен 11-15 жастағы оқырмандарымыз екі жасақ негізінде сайысқа қатысып отыр. Байқаудағы бірінші кезең — таныстыру болса, екіншісі — жергілікті ақын-жазушылардың өлең-жырын жатқа орындау. Қуантарлығы — биылғы жарыстың қатысушылары өте белсенді. Мұны авторларға деген құрметі мен шығармаларын жатқа оқып жатқанынан-ақ байқауға болады». «Әлемді кітап арқылы танимын» атты оқырмандар жарысы биыл 4-жыл қатарынан ұйымдастырылды. Және жарысқа 26 үміткер жолдама алған. Сонымен, айтулы бәсекенің бас жүлдесін Отырар ауданының тумасы Мұстафа Шоқай мен ордабасылық Бексұлтан Серікбай жеңіп алды. Жеңімпаздарға қаржылай сый-таралғы тапсырылып, республикалық байқауға жолдама берілді.Айта өтетін ақпарат, биыл қаламыздағы Ы.Алтынсарин атындағы кітапхананың қызметін бастағанына — 56 жыл толып отыр. Және мәдени ошақтың кітапқоры — 256 мыңға жеткен.