Мархабат Байғұт шығарма жазудағы құпиясын ашты

1201

«Менің Мархабатым». Күнгейде оқырмандардың сұранысымен қаламгер Мархабат Байғұттың әдеби кеші өтті. Кездесуде халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері, қоғам қайраткері марапатын еншілеген жазушы өз еңбектерін жазу құпиясын жайып салды.

Көпшілік бұл жолы киелі киік оты өсімдігін жазықтан емес, кітаптан іздеп келді. Емдік қасиеті сол – жанына дауа, көңіліне қуаныш, жұбанышты да автордың сырлы шығармаларынан табуға көшкен. Бүгінде еңбектегі әрбір «есті әріпті» еңсеріп, шытырманға шомып, уақиғадағы адами парасатты іздеп парақтаушылардың да қарасы қалың.

Маржан Шекербек, оқырман: «Жоғалған жұрнақ» сынды көптеген еңбектерін оқығанмын. Бүгін де жаңа шығармасын оқып отырмын, өте әсерлі. Тіпті, көзіме жас алдым! Менің ойымша, әңгімелелер мен эсселерді жазуда Мархабат ағамыздың еңбегі ерек! Шеберлігіне тәнтімін!»

18

Көпшілік ауыл мен қаланың тынысын танып, ондағы кейіпкерлердің көңіл-күйін, жан-дүниесін жеткізген, қазақы төл тұрмыс пен бүгінді баяндап, жетімнің жүрегіне үңілген жазушы Мархабат Байғұтпен кездесуге келген. Әдеби шараның ерекшелігі де сол – оқырмандардың сұранысы бойынша қолға алынды. Олар кеш кейіпкері үшін өмір-дерек баяндамалар оқып, қаламгерге деген құрметін жыр жолдарына арқау етті. Ал сұхбат аясында жасынан жанына қаламын серік еткен автор қазақ прозасындағы шеберлігін, оны шынайы жазудағы құпиясын жасырған жоқ.

Мархабат Байғұт, жазушы: «Мен шығарманы жазар кезде, ең алдымен, сол оқиғаны көз алдыма елестетемін. Өзім жүргендей әсермен жазамын, әрбір кейіпкердің жанына енемін, олардың өзі болып сөйлеймін! Әр сөзді анық әрі нақты айтқызамын және күнделікті өмірде көріп жүрген адамдарды да сол кітаптың ішіне енгіземін. Қаншалықты шынайы болса, ол соншалықты оқырманның сұранысына ие болады! Жасандылықты мүлдем жойған дұрыс!»

Кездесу кешінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, жазушы Мархабат Байғұттың өмірі мен шығармашылығынан сыр шертер көрме де көпшілік назарына ұсынылды. Айта өтетін ақпар, бүгінде жетпістің төрін бағындырған жазушы әдебиет сүйер қауымға 7 том-жинағын сыйлап үлгерді.