ҚР Ішкі істер министрлігі жүргізуші куәлігіне баж салығының қымбаттауы туралы хабарды теріске шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«WhatsApp желісі арқылы тараған жүргізуші куәлігін ауыстырғанда салынатын баж салығының қымбаттауы туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Салық кодексіне сәйкес, бекітілген баж салығы бір айлық есептік көрсеткіштің (1 АЕК = 2 405 теңге) 1,25 процентін құрайды. Яғни, 2 405 * 1,25 = 3006,25 теңге», — деп жазды ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің баспасөз хатшысы Ирина Лукьянина-Костерева Facebook парақшасына.
Бұған дейін WhatsApp-та белгісіз біреулер жүргізуші куәлігін ауыстырғанда салынатын баж салығының 20 мың теңгеге дейін қымбаттайтыны туралы хабар таратқан.
«Жүргізуші куәлігін кез келген ыңғайлы уақытта ауыстыруға болады. Куәліктің мерзімі біткенде ғана медициналық тексеруден өту талап етіледі. Куәлікті ауыстыруда жолда жүру ережелерінен сынақ тапсыру міндеттелмейді. Барлық мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша 1414 нөміріне хабарласуға болады немесе мемлекеттік органдардың ресми интернет-ресурстарына жүгінуге болады», — деп жазды Ирина Лукьянина-Костерева.