inform.kz

Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің аумақтық бөлімшелері Қазақстанның барлық өңірінде жылу құнын қайта есептеу жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды inform.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Табиғи монополиялар туралы заңнамаға сәйкес, табиғи монополия субъектісі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен, сыртқы ауаның нақты температурасын ескере отырып, жылумен жабдықтау бойынша көрсетілетін қызметтердің құнын қайта есептеуден алынған қаражатты тікелей тұтынушыға қайтарады. Ал егер тұтынушының тұрған жерін анықтау мүмкін болмаса, жылуға ақы төлеу кезінде тарифті төмендету жолымен қайтарады.

2017-2018 жылдардағы жылыту кезеңінде халыққа қайтарылатын қаражаттың жалпы сомасы (ҚҚС-ты қоса есептегенде) 1 012 720, 38 мың теңгені құрады. Осылайша, өңірлер бойынша 2017-2018 жылдардағы жылыту кезеңі үшін қайта есептеу сомасы мынадай (ҚҚС-пен):

– Алматы қаласы бойынша – 376 510,85 мың теңге; – Алматы облысы бойынша области – 948,45 мың теңге; – Ақмола облысы бойынша – 10 242,94 мың теңге; – Атырау облысы бойынша – 10 167,70 мың теңге; – Ақтөбе облысы бойынша – 21 880,24 мың теңге; – Шығыс Қазақстан облысы бойынша – 157 619,96 мың теңге; – Жамбыл облысы бойынша – 31 726,18 мың теңге; – Батыс Қазақстан облысы бойынша – 12 955,87 мың теңге; – Қарағанды облысы бойынша – 266 888, 79 мың теңге; – Қостанай облысы бойынша – 21 733,76 мың теңге; – Қызылорда облысы бойынша – 54 812,95 мың теңге; – Маңғыстау облысы бойынша – 306,51 мың теңге; – Павлодар облысы бойынша – 10 859,45 мың теңге; – Солтүстік Қазақстан облысы бойынша – 1 766,76 мың теңге; – Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша – 34 299,97 мың теңге.

Бұл ретте, Астана қаласы бойынша жылу құнын қайта есептеуден халыққа қаражат қайтарылмайды. Себебі Астана қаласының аумағында жылумен жабдықтау жөніндегі қызметтерді көрсететін табиғи монополия субъектілері жылыту кезеңінде сыртқы ауаның нақты температурасын ескере отырып, айлар бойынша бөліністе жылудың төлем мөлшерін түзетуді ай сайын жүргізеді.