Қазығұрт ауданында 69 мектеп бар, барлығы оқушыларды қабылдауға тас түйін дайын. Спорт зал, асхана, мультимедиялық кабинеттер қажетті заттармен жабдықталған. Білім бөліміндегілердің мәліметінше, керекті оқулықтар да толығымен жеткізілген. Биыл тағы екі жаңа мектеп ашылады.
Сапалы білім алуға жағдай жасалса да, ауданның білім деңгейі облыста ақсап тұр. Биыл мектеп бітірген 1 300 түлектің 81 пайызы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан. Тестілеуге қатысатын оқушылардың саны артқанымен, көрсеткіші көңіл көншітпейді. Биыл тестілеу нәтижесі бойынша ортақ ұпай 76-ны құраған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 5 ұпайға кем. Осылайша аудан облыс бойынша 11 — орынға тұрақтаған.
Қазғұрт ауданында апатты мектеп мүлдем жоқ. Бірақ жаңа оқу жылында үш ауысымды мектепке өту қауіпі бар бірнеше білім ошақтары бар екен. Десе де, ол мектептердің жобалық-сметалық құжаттары жасалып, сараптамаға жіберілген дейді білім бөлімі мамандары. Сондықтан қорқуға қауіп жоқ. Айта кетейік, Қазығұрт ауданында 27 мыңға жуық оқушы білім алады, 2018 жылғы оқу жылында 3 мыңнан астам баланы бірінші сыныпқа қабылдауды жоспарлап отыр.
Әлия Әділбек