Келестегі мектеп ауласынан 1353 жылы жасалған қол диірмен табылды

100
фото ТОӘБҚ

Келес ауданы білім бөліміне қарасты №31 Ш.Уәлиханов атындағы жалпы білім беретін мектебінің тарихи-археологиялық мұражайында мектеп ауласынан табылған құнды жәдігерлер жетерлік. Соның ішінде 1353 жылы тастан жасалған қол диірмендерін де атап өту керек.

Мектеп басшысының мәлімдеуінше, мұражайда ХVІІІ-ХІХ ғасырларға тиеселі ағаш шоқпар мен ожау, ежелгі қаңлы дәуіріне тиеселі саз балшықтан жасалған құмыралар мен ыдыстар бар. Сондай-ақ сөрелерге көне монеталар мен қоладан жасалған шәйнек, кесе секілді тұрмыстық заттар қойылған екен.
– Жүзімдік ауылында орналасқан мектеп ауласына 1985-1986 жылдары археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген. Жалпы аумағы 68 шаршы метрді құрайтын мұражай екі бөлмеден тұрады. Экспозициялық бөлменің аумағы – 56 шаршы метр. Мұражайда жалпы 152 экспонат бар. Балалар қазіргі таңда осы жәдігерлерді зерттеп, ғылыми-зерттеу жұмыстарын да жазуда, – дейді мектеп директоры Ақмарал Қамбарова.
Ұстаздардың айтуынша, қазіргі кезде де мектеп ауласында, ауыл маңында көптеген жәдігерлерді кездестіруге болады. Тарихшы мамандардың қорытындысына сәйкес, осы аймақтан табылған тарихи экспонаттар біздің заманымыздың I-XIII ғасырлардағы Қаңлы мемлекеті мен Қарахан мемлекеті кезеңдеріне жатады.