Жоғары сынып оқушысы бұрыш спрейін шашып, 10 бала ауруханаға түсті

21
Фото: Отырар.кз

Бүгін қаладағы жеке мектептердің бірінде 10-сынып оқушысы ойнап бұрыш спрейін шашқан. Салдарынан 10 оқушы өзін мазасыз сезініп, Шымкент қалалық токсикологиялық ауруханасына жеткізілді. Оқыс жағдайдан кейін барлық оқушы үйіне қайтарылды. Бұрыш спрейін әкелген оқушылар Тұран аудандық полиция бөліміне алдын ала тергеп-тексеру үшін заңды өкілдерімен жеткізілген.

Оқушылар мектеп ғимаратында бұрыш спрейін шашып, балалар уланып қалды. Оқиға 8 қазан күні түскі уақытта жекеменшік мектепте болған. Өзін мазасыз сезінген 10 оқушы жедел-жәрдеммен ауруханаға жеткізілді. Сөздерінше, 10-сынып оқитын бірнеше оқушы бірнеше кабинетке бұрыш спрейін сеуіп шығыпты.

Айдос Жұмабай, 8-сынып оқушысы: «Мен асханадан сыныпқа бара жатқам. Бүкіл оқушы сыртқа қарай бара жатты. 3 секундтай аузыммен ауа жұтқанда, тамағым біртүрлі болып қайта-қайта жөтелдім. Белім ауырды. Ағайлардың бәрі оқушылардың барлығын далаға шығарды. Менің естігенім, 10 кластың 2 қыз, 4 балада газ шашатын болған, әр класқа сеуіп шыққан».

Шымкент қалалық гипербариялық оксигенация орталығына 3 жедел-жәрдем көлігімен жеткізілген балаларға алғашқы медициналық және оттегі терапиясы, детоксикация көмегі көрсетілді.

Мадина Ермаханбетова, Қалалық гипербариялық оксигенация орталығының бас дәрігері: «Бізге 3 жедел-жәрдеммен  жеке мектептен 10 оқушы алып келінді. Келген кезде барлық оқушының жағдайы «белгісіз затпен уланудың жеңіл және орта дәрежесі» диагнозымен қабылданды. Және олар 4,5,6, 8 және 10-сынып оқушылары, барлығына алғашқы медициналық көмек көрсетіліп жатыр».

Фото: Отырар.кз

Дегенмен, білім ошағының директоры үшін болған жағдай «айтарлықтай мәселе емес» көрінеді.

Сәуле Өскенәліқызы, жекеменшік мектеп директоры: «Зардап шеккендер жоқ. Бүгінгі жағдай оқушылардың келеңсіз ойынынан осындай жағдай орын алып тұр. Бұл жағдай қазір өз мамандары негізінде қаралып жатыр. Аса айтарлықтай үлкен проблема шыққан жоқ».

Бұрыш спрейін әкелген оқушылар Тұран аудандық полиция бөліміне алдын ала тергеп-тексеру үшін заңды өкілдерімен жеткізілді. Бұл жайт бойынша мектеп оқушысының заңды өкіліне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 435-бабымен әкімшілік хаттама толтырылды дейді тәртіп сақшылары.