Ұлттық банк монетарлық операциялар департаментінің директоры Алия Молдабекова Біріңғай зейнетақы жинақтаушы  қорының валюталық саясаты жөнінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ұлттық банк  қарамағында  екі ірі қор — БЖЗҚ мен Ұлттық қор бар. Зейнетақы активі өсіп жатыр, шілденің соңында БЖЗҚ көлемі 8,6 трлн теңгені құрады. 2016 жылдан бастап біз валюталық әртараптандыру  саясатын бастадық. БЖЗҚ-дағы 30 пайыздық үлесті мақсатты нысана етіп көздеп отырмыз. Біз олардың шетел нарығында әртараптандырылған құралдарға инвестицияланғанын қалаймыз», — деді  Алия Молдабекова  «Қазақстан Ұлттық банкі ақшалай несиелік саясаты»  тақырыбында өткен дөңгелек үстелде.

Оның сөзінше, БЖЗҚ-да  АҚШ долларындағы  валюталық активтері үлесі артып келеді. «Биылға 2016, 2017 жылдардағыдай жоспар жасалған. Шетелдік активтер үлесін 30 пайызда ұстап тұру үшін жыл соңына дейін 1,4 млрд доллар  сатып алуымыз керек.

Егер бұл мөлшерді бір жылға бөлсек, айына 119 млн доллардан келеді. KASE-де өтетін нарық көрсеткішімен  бұл ай сайынғы көлемнің 3,7 пайызы. БЖЗҚ операциясы валюта нарығына еш әсер етпейді.  БЖЗҚ қоржыны  қатаң бақылауда, валюталық алып-сатарлықпен айналыспаймыз», — деді ол.