«Ұлттық қор-балаларға» бағдарламасы сәтті жүзеге асырылуда

64

«БЖЗҚ» АҚ-ның Шымкент қалалық филиалында «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының  2024 жылы іске асырылуы  тақырыбында брифинг ұйымдастырылды. Іс шараның барысында сала  басшылары, мамандары  бағдарлама жайлы  БАҚ өкілдеріне  баяндады.

1 ақпан күні Қазақстан азаматтары болып есептелетін барлық балаларға Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан  алғашқы қаржы аударылды. Бағдарламаға 6 919 131 бала қатысушы ретінде тіркелді. Олардың барлығына 100 АҚШ доллары 52 цент мөлшеріндегі бірдей сома аударылды.

Бұл тек алғашқы аударым, жыл сайын Ұлттық қордың өсуі мен инвестициялық кіріс есебінен сома ұлғайып отырады.

Есептелген қаражат Ұлттық қор активтерінің құрамында одан әрі инвестициялануын жалғастырады. Ол бағдарламаға қатысушы балаларға 18 жасқа толғанға дейін қосымша инвестициялық кіріс әкелетінін атап өткен жөн.

Сонымен қатар, 18 жасқа 2024 жылы толатын 304 815 балаға аталған сома олардың БЖЗҚ-да ашылған нысаналы жинақтау шоттарына түсті. Олар өздерінің нысаналы жинақтарын кәмелетке толғаннан кейін тұрғын үйге немесе білім алуға бірден пайдалануға құқылы. Бағдарлама іске қосылған алғашқы 10 күн ішінде тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін нысаналы жинақ төлемін алуға берілген 41 өтінім, ал білім беру ақысын төлеу мақсатында 42 өтінім түсіп, БЖЗҚ уәкілетті операторға өтінім берген азаматтардың банктік шотына аудару үшін төлем жүргізіп үлгерді. Орындалған өтініштер бойынша статистика күн сайын жаңарып отырады.

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының қатысушылары ретінде қоса алғанда 01.01.2006 ж. бастап 31.12.2023 ж. туған Қазақстан Республикасының азаматтары болып есептелетін балалар тіркелді. Келесі жылдары туған балалар да автоматты түрде бағдарламаның қатысушысы болады.
БЖЗҚ жыл сайын «Жеке тұлғалар» мемлекеттік дерекқоры негізінде кәмелетке толмаған азаматтардың тізімін қалыптастырады. Егер бала осы дерекқорға қосылса, ол автоматты түрде «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының қатысушысы болады және оған нысаналы талаптардың есептелетініне кепілдік беріледі.

Егер бала қандай да бір себептермен нысаналы талаптарға қатысушылардың тізіміне енгізілмесе және олардың жалпы саны есептеу кезінде ескерілмесе, бірақ осындай қатысушы болуға құқығы болса, онда нысаналы талаптар өтініш берген жылдан кейінгі жылы өткізіп алған кезең (кезеңдер) үшін есептеледі.

Баланың бағдарламаға қатысу дерегі және оған есептелген нысаналы талаптар туралы ақпаратты кәмелетке толмаған баланың ата анасы немесе басқа заңды өкілдері арнайы құрылған kids.enpf.kz сайтынан баланың ЖСН бойынша тексере алады. Онда бағдарламаның шарттарымен танысуға, нұсқаулықтар, қызықтырған сұрақтарға жауап алуға болады. Сондай ақ әрбір балаға жасалған есептеулер туралы мәліметті ата-аналар egov.kz порталындағы Жеке кабинетінен тексере алады.

Бағдарлама жұмысының бірінші күні – 2024 жылдың 1 ақпанында бұл бөлімге 2 миллион 700-ден астам адам кірді. ЖСН бойынша шамамен 5,5 млн сұраныс өңделді.
Республиканың өңірлері, ондағы балалардың жасы, жынысына қарай есептелген сомалар бойынша статистикалық есеп enpf.kz сайтында орналастырылған.

Нысаналы жинақтарды кәмелетке толған азамат enpf.kz сайтындағы Жеке кабинетінде, БЖЗҚ ұялы қосымшасында немесе egov.kz порталында өз бетінше тексере алады.
Егер бала қандай да бір себептермен 2024 жылы «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасына қатысушылардың тізіміне енбесе, балалардың заңды өкілдеріне мынадай құжаттар мен деректерді тексеруге кеңес береміз:

балада жеке басын куәландыратын құжаттың болуы (туу туралы куәлік, 16 жастан бастап Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі);
жеке басын куәландыратын құжатта деректемелердің болуы және олардың дұрыс көрсетілуі: Т. А. Ә., туған күні, ЖСН, азаматтығы;
«электрондық үкімет» веб-порталындағы «Цифрлық құжаттар» (Отбасы) бөлімінде өзінің Жеке кабинетінде балалар туралы мәліметтердің болуы, тіркелуі және дұрыстығы. Бұл ресурста бекітілген баланың нысаналы талаптары бойынша егжей-тегжейлі үзінді көшірме ұсынылады.

Егер балада:
жеке басын куәландыратын құжат жоқ, ЖСН жоқ болса, тұрғылықты жері бойынша Мемлекеттік корпорацияға (ХҚКО) жүгіну қажет;
азаматтығы жоқ, анықталмаған немесе дұрыс көрсетілмеген болса, тұрғылықты жері бойынша көші-қон қызметіне жүгінген жөн.
ЖТ МДҚ-ға қажетті түзетулер енгізілгеннен кейін баланың нысаналы талаптары мен инвестициялық кірісі өткізіп алған кезеңді ескере отырып, келесі жылы толық есептелетін болады.