Тазалық — қоқыс шашпағанда, тәртіп оны ешкім бұзбағанда орнайды. Осы қағиданы ұстанған жергілікті билік халық көп шоғырланған аумақ пен базар, аялдамаларда бейберекетсіздіктің жолын кесуде. Ең бірінші қала көркін қашыратын ретсіз сауда қатарларын тазартып, орнын көркейтіп жатыр. Қатаң тәртіп орнатушылардың қандай жұмыстар атқарып жатқанын арна тілшісі бағамдап қайтты.
Әр аптаның дүйсенбісі қалалық базарларда тазалық күні. Осыны ескерген коммуналшылар қырғы базар аумағын ретке келтіру жұмыстарына кіріскен. Қауіпті саналатын жол бөлігінде «ЛТД Тұрмыс» серіктестігі темір қоршауды орнатуда.
Қалаға жиі қатынайтын Әниса Исаева базар аумағында біршама тәртіп орнағанына дән риза. Ақсукенттің тұрғыны республикалық маңызы бар қалалар қатарына енген Шымкентте талап күшейтілетіні айқын дейді. Оны орындау әрбір тұрғынның міндеті екенін жеткізді.
Әниса Исаева, Ақсукент ауылының тұрғыны: “Базардың алды реттеліп қалыпты. Бұрын көшеге дейін шығып кеткен сауда қатарларынан жүру мүмкін емес еді. Қазір жақсы».
Ал базар маңында босаған орынды торыған кәсіпкерлер аумақты көркейткеннен гөрі, қолға бергенін қалайды. Бизнеске қолайлы аумақ болғандықтан, сауда жасайтындарға үлестірсе деген тілектерін де жасырмайды.
“Мына жерді бізге берсе біз тазалықты сақтап. салығымызды мерзімінде төлеп, барлық талаптарды орындайтын едік. Ол қаражат біреудің қолына емес бюджетке түсетін еді. Ол зейнеткерлердің зейнетақысы, көпбалалы отбасылардың жәрдемақылары” дейді саудагерлер.
Ретке келіп жатқан базар маңында жер асты өткелі бар. Аты болғанымен, адам баласы өте алмайды. Қолқаны қапқан иісі, жөндеуден кейін де кетпепті. Пайдалануға берілген күннің өзінде, адам аяқ баспасын базарға келушілердің бәрі біледі.
Жеке кәсіпкер “Әктеп барлығын дайындап қойыпты. біткен дүниеге қожайындар көп. Бізде отырмыз өзіміздің орнымызда тазалықты сақтап” дейді.
Ретсіз саудадан көзі ашылған аумақ қоғамдық көлік жүргізушілерінің көңілінен шығып отыр. Аялдамаға әрең жететін олар, қазір тәртіп орнағанын айтып мәз. Енді сол ереже сақталып, заң шеңберінде қадағаланса, статусқа лайық қала атанарымыз анық.
Шынар Оразова