Үш ауысымды мектеп мәселесі қашан шешіледі?

649

Бүгінде Шымкентте 2 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Оның бірі қыркүйек айында пайдалануға берілуі тиіс. Бұдан бөлек, қос бірдей білім нысаны жаңа оқу жылына сақадай сай тұр.

Бұл Таскен тұрғын алабындағы №103 орта мектептің 600 оқушыға арналған жаңа ғимараты. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында салынған білім нысанының құрылысы былтыр мамыр айында басталып, жуырда ғана тапсырылды. Заманауи үлгіде бой көтерген нысанды салуға 803 млн. теңгеден астам қаражат қаралыпты. Құрылыс монтаж жұмыстары толықтай аяқталған. Бүгінде ғимарат жаңа оқу жылына сақадай сай.

Ал Сайрам тұрғын алабындағы №112 орта мектеп туралы олай айта алмайсыз. Бүгінде құрылыс жұмыстары 95 пайызға аяқталған. Екі аптадан кейін мұнда балалар жаңа оқу жылын бастауы тиіс. Алайда, әлі күнге жиһаздар толықтай орналастырылмаған. Әлі айнала абаттандырылуы қажет. Көгал да төселмеген, құрылыс барысының өндірістік кестеге сай жүргізілгенін жеткізген мердігерлер 25 тамызға дейін нысанды толық тапсырамыз деп сендіреді.

Сәни Тұрлыбеков, инжинер: «Қыста бірер ай ауа райына байланысты жұмыс жүрген жоқ. Бетондау, қыш қалау сияқты жұмыстарды жүргізу тиімсіз болды. Асфальт төселуі керек. Газон салынады. Қыркүйек айына дейін бітіреміз».

Тап осындай 300 орындық мектеп Таскен елдімекенінде де салынып жатыр. Ғимарат желтоқсан айында пайдалануға беріледі. Тапсырыс беруші мекеме өкілдері білім нысандарының құрылыс сапасы жан-жақты қадағалануда деп сендірді.

Әлжан Ибрагимов, Шымкент қаласы құрылыс басқармасының басшысы: «Құрылыс материалдарының 90 пайызы — отандық. Құрылыс сапасы авторлық қадағалау, тапсырысшының тарапынан қадағаланады».

Осылайша миллион тұрғын бар мегаполисте үш ауысымды мектептер саны жылдан-жылға азайып келеді. Биылғы оқу жылында шаһарда түйіткілді жалғыз білім нысаны қалып отыр. Жауаптылар 2020 жылға дейін үш ауысымда білім беретін мектеп мүлдем болмайды деп уәде етті.

Мақпал Рысбаева