Шымкент қалалық әкімдігі халыққа жақындай түсудің жолдарын қарастырып жатыр. Солардың бірі — тұрғындардың шағым арыздарын жіті қарауға бел буыпты. Әкімдік қалалықтарға жұмыстың олқы тұстарын айтып, көшті бірге түзетуге шақырады. Мұны тұрғындар, әрине, қолдайды. Үш күннің ішінде жергілікті билікке 10 мыңнан астам адам арызданып үлгірген.
«Әкімдік жұмысына шағымданыңыз». Осындай айырықша ұсыныспен қалалық әкімдік қызметкерлері ел арасына шықты. Білім саласынан көлікке дейін, медицина мен полиция, коммуналды шаруашылықтағы кемшіліктерді көңілге түйіп, нәтиже шығару үшін шымкенттіктер атсалысуы қажет. Мәселен, Мария Акашева тротуарлардың мүшкіл халін көтеріп отыр. «Әсіресе, сәбиіңмен қоларбамен тротуарда серуендегенде, жүйкең жұқарып кетеді»,- дейді қала тұрғыны.
Мария Акашева, Шымкент қаласының тұрғыны: «Жол мен тротуарға көңілім толмайды. Қоларбамен немесе жаяу бала алып жүре алмайсың. Үйден емханаға жеткенше тротуарда тарсылдап, селкілдеп қоларбамен әупірімдеп жетесің. Басшылардың өзі емханалар маңындағы тротуарларды жаяу немесе баламен жүріп көрсе екен. Әбден көзі жететін».
Көлік саласына да сын тағатындар жетіп артылады. Көлік жүргізушілер көшеде жылдамдықты асырады. Аялдамаларға жарты сағаттап кешігіп келеді. Сұрау салғандар арасында қоғамдық көлік мәселесі ерекше сөз болды.
Эленора Керімбаева, Шымкент қаласының тұрғыны: «Мен теміржол вокзалы маңында тұрамын. Жұмыс орныма күн сайын 120 — шы бағыттағы маршрутпен жетемін. Автобусты 30-40 минуттап күтуге тура келеді. Жұмысқа кешігіп келемін, түскі үзіліс туралы айтпай — ақ қояйын. Осы мәселені шешіп берсеңіздер екен».
Айырықша арыздар да аз болған жоқ. Несиені жауып беру, құрылыс үшін жер телімін сұрағандар… Шымкенттіктерге үшінші мегаполистегі талай мәселенің шешімі ұнамайтын болып шықты. Әкімдіктің барлық саладағы жұмыс деңгейі көңілінен шығатын жастар да табылды.
«Сауалнама туралы естіп, таң қалдым. Менің әкімдікке ешқандай арызым жоқ. Барлығы көңілімнен шығады».
Осы сауалнама нәтижесі міндеттер мен тапсырмалар жиынтығына жөнсілтер болмақ. Тұрғындарға қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында.
Әйгерім Жұмағұлова, Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінің жетекшісі: «Арнайы сараптамалық топ сауалнамада түскен арыздарды саралап шығады. Одан соң ең шұғыл қажетті нысандарды, мәселелерді анықтап, жүйелі проблемаларды шешу жұмыстарын жүргіземіз. Тұрғындардың әкімдікке деген сенімін арттырып, халықпен қоян қолтық жұмыс істейтін боламыз».
Сонымен, бастама қолға алынған 3 күн ішінде бас аяғы 10 мың адамнан арыз шағым түскен. Белгілі болғаны, қалалықтардың ТҮКШ мен көлік саласына көңілі көншімейді екен. Бұл баяғыдан айтыла айтыла жауыр болған мәселелер екендігі жасырын емес. Қала әкімдігі енді осы бағытқа баса назар аудармақ.
Жанар Есенбекова