Асарлықтар жылыжайды жауып тастауға мәжбүр

623

Асарлықтар жаппай жылыжай шаруашылығынан бас тартып жатыр. Себеп аспанға ұшқан су бағасы қалталарын қаққан. Айтуларынша ауыз судың бір текше метріне 137 теңге төлейді. Бау бақша баптауға арналған техникалық судың тоқтағанына бірнеше жыл толыпты. Сондықтан да жылыжайда өсетін қияр- қызанақты ауыз сумен суғаруға мәжбүр.

Қыруар қаржы мен еңбегін сарп еткен өнімді өткізе алмай әлек. Нәпақасын жылыжайдан тауып келген асарлықтардың бұл мәселесіне бас қатырған жергілікті құзырлылар болмаған.

Күнделікті нәпақасын жылыжайдан тауып келген асарлықтар пайда көрмек түгілі төккен тер мен еткен еңбектің еш болғанына күйінеді. Шығынды әупірімдеп жабуға ғана шамалары келгендігін айтады. Бау бақшаны баптауға неше жылдан бері тоқтап қалған техникалық су кедергісін келтірген. Ауыз сумен жылыжайды суғаруға мәжбүр. Таза ауызсуының текше метріне 137 теңгеден төлеп, жылыжай баптағандар шығынға шаш етектен батқан.

Қасым Қайырбеков, «Асар» шағынауданының тұрғыны: «Бізге тек техникалық суды берсе болды. Есік алдында бау бақша егіп, жылыжайда көкөніс, аскөк өсіріп, шаруамызды дөңгелеткіміз – ақ келеді. Бірақ 137 теңгеден сатып алатын ауызсумен өнім алу тек шығынға батырады. Бұрын берді ғой техникалық суды. Неге тоқтатып қойғандарын түсінбеймін. Құбырларының бәрі тұр. Бала шағаның несібесіне техникалық суды берсе, дұрыс болар еді…».

Техникалық судың тапшылығынан титықтаған асарлықтардың біразы есік алдында мал ұстауға машықтана бастаған. Шарасыздықтан шырылдағандар тығырықтан шығу жолы құбырмен жылыжайға кеп тұрған техникалық сумен тұрақты қамту деп біледі.

Алмагүл Жарықбасова, Асар шағынауданының тұрғыны: «Көшедегілердің көбісі үйінде мал ұстайтын болған. Оны тексеріп жатқан ешкім жоқ. Кешкісін далада отырып, таза ауамен тыныстау мүмкін емес. Мал иісі қолқаңды қабады. Шыбын шіркей көбейді. Қалада емес, ауылда тұратын сияқтымыз. Ветинспекция немесе басқа да жауапты мекемелердің мұнымен жұмысы жоқ. Мұның барлығы амал жоқтықтан, мәжбүрліктен. Жұрт жылыжайын бұзып тастап, мал қора салуға көшкен».

Сөйтіп  күнкөріс көзінен қағылғандар үйлерінің ипотекалық қарызын жабуға шамаларының келмей жатқандығын айтады. Тіпті қарызға батқандардың бірқатарының ісі сотқа өтіп те кеткен. Өзбекстаннан елім деп келгендер көршілерінің қарызын асарлатып төлеуге тура келген.

«Зейнеткерлері бар қарияларымыздың зейнетақысымен төлейміз. Сотты болып жатқандар да жетеді. Үйдің қарызын төлей алмағандарға көрші қолаң болып көмектесіп, ипотекалық несиені төлеуге көмектесеміз. Өзбекстаннан көшіп келген біздің бірлігіміз мықты»-дейді асарлықтар.

Шымкент қаласының әкімдігі бұл мәселеден хабардар екендіктерін айтады. Асарлықтардың ашынап жеткен арызына былай деп жауап қайырды.

Нұрлан Жаманкөзов, қалалық энергетика коммуналдық шарушалық басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушысы: «Асар шағынауданындағылардың ауызсуға  137 теңге төлеу себебі, бір текше метр су бағасы мен кәріз жүйесінің төлемі қосылған. Техникалық су бар. Бірақ тұрғындарға берілмей тұр. Өйткені, оны міндетіне алған мекеме шыққан жоқ. «Асарсусервис» мекемесі бүгін арнайы өтінішпен шықты. Енді жауапты мекемелер өтінішті қарап, қажетті іс шараларды қабылдайтын болады. Ең арысы екі айдың ішінде су беріледі деп ойлаймын».

Сөйтіп, шенеуніктердің сөзіне сенсек, екі айдың ішінде асарлықтар ағын сумен қамтамасыз етілетін көрінеді. Бұл мәселенің орындалу барысы біздің редакцияның назарында болмақ.