Суармалы жерлерді іске қосуға қомақты қаражат бөлініп отыр. Алайда, Түркістан облысындағы аудан әкімдерінің жайбасарлығынан су шаруашылығын жақсарту мүмкін болмай тұр. Бұл туралы өңірге іс сапармен келген ҚР Премьер-министрінің орынбасары-Ауыл шаруашылығы министрі қатысуымен өткен семинар-кеңесте мәлім болды.
Жауаптылардың жұмысын сынға алған ведомство басшысы облыс әкіміне бұл шаруаны ширату үшін бірқатар тапсырмалар жүктеп қайтты.
Еліміздің Су ресурстары комитеті төрағасының айтуынша су шаруашылығын жақсарту үшін «Даму Банкінен» қомақты қаражат қаралған. Алайда, дайын қаржыны алып, суармалы жер көлемін арттыруға әкімдер асығар емес.
Ауыл шаруашылығының алға жылжуы тікелей аудан әкімдерінің қолында екенін ескерткен Шөкеев мырза жергілікті атқамінерлердің сылбыр қимылын сынға алды.
Өмірзақ Шөкеев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары-Ауыл шаруашылығы министрі: «Ақша дайын тұрғанда соны алу үшін құжатты өткізу қиын ба? Түсінбестік пе, басқа себеп бар ма, неге қимылдамайсыздар?»
Жансейіт Түймебаев, Түркістан облысының әкімі: «Бітті, соңғы мерзім береміз. Мектептегі екілік алатын оқушылар сияқты созудың қажеті жоқ».
Ведомство басшысы істен шыққан каналдарды іске қосуда солтүстік өңірінің белсенділігін үлгі етті. Соңғы мерзім. Түрлі себептерге байланысты созбалаңға салынған су шаруашылығына қатысты бұл түйіткілді шешуге ақырғы рет мүмкіндік беріліп отыр.
Мақпал Рысбаева