Аудан орталықтарынан Түркістанға тікелей қоғамдық көліктер қатынамақ

413

Түркістан облысында салынатын қала, ауданаралық жолдар, жолаушылар тасымалдаудағы жаңашылдықтар, облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында жөнделетін көпірлер. Бүгін БАҚ өкілдеріне облыстық жолаушылар көлігі және автомобоблиь жолдары басқармасының басшысы Нұрлан Байғұт саладағы тірлік пен жүйелі жоспарын баяндап берді.

Биыл өңірдегі автомобиль жолдарының сапасын жақсартуға бюджеттен 26 млрд. теңгеден астам қаражат қаралған. Аз ақша емес. Десек те, жөнделетін, қалпына келтірілетін нысандар да жеткілікті. Түркістан облысында 1 мың 421 шақырым жолдар мен көшелер, 7 көпірді жөндеу және салу жоспарланған. Қуанарлығы сол, оның ішінде шалғайдағы ауылдардың жолдары да қаралған.

Нұрлан Байғұт Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы: “Екі жыл бұрын облыс көлемінде қанағатты жолдардың ең төменгі үлесі Қазығұрт пен Шардарадағы жолдар болатын. Қазір Аққұмда жол салып жатырмыз, Жаңа базар ауылында, Қазығұрттың орталығында да құрылыс жүріп жатыр”.

Жұмыс болған соң, кемшіліксіз емес. Басқарма басшысы, сапасыз тірлігі үшін айыппұл төлегендерді де айтты. Мәселен, 13 мердігер және 4 техникалық қадағалаушы мекеменің жұмысы сынға ілінген. 21 факті бойынша, оларға 4 млн. 9 мың теңге айыппұл салыныпты.
Облыс тұрғындары мен елдімекендерді тұрақты жолаушылар тасымалымен қамту үшін қоғамдық көлік жүре алатын 766 елдімекеннің 93 пайызы тиісті автобус, шағын жолаушылар көлігімен қамтылған. Алайда, әлі 52 елдімекеннің тұрғындары қоғамдық көлікке зәру. Оның үстіне, облыс орталығының Түркістанға көшірілуіне байланысты жаңа бағыттар қарастырылатыны сөзсіз.

“Аудан орталығы Шардара, Жетісай, Сарыағаш, Леңгір қалаларынан, Темірлан Ақсукент, Шаян елді мекендерінен Түркістанға тікелей маршрут ашу бойынша жұмыстар жүргізілуде”, – дейді басқарма басшысы.

Көлік саласын цифрландыру жәйі – бүгінде басты міндеттің бірі болып тұр. Бұл жұмыс алдымен облыс орталығынан басталмақ. Түркістан қаласындағы бағыттарға электронды билет жүйесін жыл соңына дейін орнату жоспарланып отыр. Пилоттық жоба ретінде көне шаһардағы бір бағытқа жүйені тестілеу көзделген.

Шынар Оразова