Шымкентте 775,8 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылмақ. Бұл жерлерді осы уақытқа дейін ешкім қолданбаған.
Нақты айтқанда 2017 жылы қолданылмаған 472,5 гектар жер анықталды. Соның 74,5 гектары кезінде бизнеске бөлінген болатын, 398 гектар жер — ауыл шаруашылығына арналған. Ал 2018 жылдың 6 айында тағы 211 учаске анықталды. Олардың жалпы көлемі — 302,3 гектар. Соның 173 учаскесі — бизнеске, ал 38 учаскесі ауыл шаруашылығына берілген.
Мысалы, Бәйдібек би даңғылының бойынан жалпы ауданы 5,9 гектар болатын 24 жер учаскесі бөлінген, дегенмен, олар пайдаланылмады. Қонаев даңғылының бойынан жалпы ауданы 7,4 гектар болатын 21 жер учаскесі, ал Алматы айналма тасжолының бойынан 37 учаске бөлінген.
Бұл жерлер анықталғанымен, жер инспекциясы оларды мемлекет меншігіне қайтару бағытында жұмыс жүргізбеген. Енді ол жерлер аудан әкімдіктеріне қайтарылып, спорт-сауықтыру және ойын алаңшаларының құрылысына беріледі.
shymkent.gov.kz