Түркістан облысына 97 млрд. теңге инвестиция тартылған

53

Түркістанда макроэкономикалық көрсеткіштерде оң өсім бар. Көбіне ауыл шаруашылығы өнімі көлемі артқан. Биыл аудандардың жұмыс барысын тексеру мақсатында 14 индекатор құрылған. Мониторинг барысында кей аудандарда меже толық орындалмағаны айқындалды. Сондықтан өңір басшысы сала мамандарына ұсыныстар ензігуді тапсырды.

Күнгей өңірде макроэкономикалық көрсеткіштерде оң өсім бар. Жыл басынан бері облысқа 97,2 млрд. теңге инвестиция тартылған. Ал ауыл шаруашылығының өнім көлемі 118,4 млрд. теңгені құрады. Биыл аталған көрсеткіштерді бақылаушы 14 индекатор құрылған. Ол әр ауданның жұмыс барысын тұрақты түрде тексеріп отырады.

Қанат Қайыпбек, Түркістан облысының стратегия және экономикалық даму басқармасының басшысы: «Негізгі көрсеткіштерде өсім бар. Атап айтқанда өнеркәсіп өнімінің көлемі 209,4 млрд. теңгеге жетті. Өсім 6,3 пайыз. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 106,3%-ды құрады. Кен өнеркәсібінен басқа саланың бәрінде өсім бар».

Дегенмен Кентау, Қазығұрт, Сайрам ауданында бекітілген жоспар толық орындалмаған. Нәтижесінде меже 9 млрд. теңгеге кем. Сондықтан өңір басшысы артта қалған аймақ әкімдеріне мен орынбасарына тапсырма берді.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі индикаторларының орындалуын қамтамасыз етпеген басқарма басшыларының жауапты орынбасарлары мен аудан, қала әкімдері орынбасарларының жауапкершілігі қаралады. Облыстық басқарма басшылары және аудан, қала әкімдері, белгіленген көрсеткіштердің уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етсін. Тағы бір мәселе ауылды гүлдендіруге назар салығыздар. Мен келгелі осыны айтып жатырмын. 8 ай болды бірде бір әкім тапсырманы орындаған жоқ»

Айта кетейік, 2023 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша жергілікті бюджетке 37,7 млрд. теңге кіріс түскен. Жоспар 120,9%-ға орындалып, меже 6,5 млрд. теңгеге асыра орындалды. Ал өсу қарқыны 15 пайызды құрайды.