Бадам өзені жағалауындағы тұрғындардың жағымсыз иістен арылатын күні жақын

806

Маятас тұрғын алабының тұрғындары Бадам өзенінің суы ластанып кеткеніне күйінеді. Ауылдағы ағайын мұндағы өзеннің жағасымен қыдыруды ұмытқан, таяздығына еті үйреніп, кәріз жүйесінен аққан қалдықтарға тосқауыл қоя алмайтындарына ашынады. Сасық иіс қолқаны қабады.

Маятас ауылының тұрғыны Гүлбар Сауытбаева

Гүлбар Сауытбаева, Маятас ауылының тұрғыны: «Біз Абай көшесінде көп жылдан бері тұрамыз. Содан бері кәріз жүйесінің иісінен әбден берекеміз қашты. Әсіресе жағымсыз иіс түнгі сағат 24:00- ден кейін күшейе түседі. Терезе, есікті ашу мүмкін емес. Қонақ шақыруға ұяласың, балалар демалатын орын да жоқ. Кімге шағымданбадық, алайда нәтиже жоқ».

Хамит Артықов, Маятас ауылының тұрғыны: «Біздің ауылда мұнай барлау поселкесі бар. Лай су өзенге ағады. Ол ағын су жаз бен қыс мезгілінде жыл бойы ағады. Бұрын мұнда балалар шомылып, жүргізушілер көліктерін жуатын. Біз экология үшін қорқамыз. Бұл суды малымыз ішеді ғой. Бұл тұрғылықты халықтың денсаулығына қауіп деп түсінеміз. Бармаған жеріміз қалмады. Бізге назар аударатын жан бар ма өзі?».

«Мұнай барлау» поселкесіндегі 24 көпқабатты үйлерден аққан қалдық су Бадам өзеніне құйылады. Кеңес Одағы кезеңінде мұнда кәріз жүйесі бар болатын. Бірақ уақыт өте істен шыққан. Маятастықтардың билікке арыздары жеткен болар, былтыр кәріз жүйесін қалпына келтіру жұмыстарына бюджеттен 226 млн. теңге қаржы бөлініпті. Тапсырыс беруші қалалық Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі. Жүйені жөндеуге жауапты мердігер де табылып, құрылыстың басым бөлігін атқарған.

Ерсұлтан Егізбеков, мердігер компанияның заңгері: «Кәріз жүйесін тарту жұмыстары толық аяқталды. Енді тазалау қондырғыларын орнату жұмыстары жүргізлуде. Кестеден ауытқу жоқ. ЖСҚ сәйкес құрылысты ағымдағы жылы қыркүйектің соңында аяқтау жоспарда. Бөлінген қаржының 70 пайызы игерілді».

«Мұнай барлау» поселкесінің тұрғындары қалпына келтіру жұмыстарын мұқият бақылауда. Олар құрылысшылар уәдесін орындайтынына кәміл сенеді.

Талиба Бурковецкая

Талиба Бурковецкая, «Мұнай барлау» поселкесінің тұрғыны: «Құбырларды олар қаңтар айында тарта бастады. Асфальт болған жерді цементтеп, қалғанына тас төседі. Бізге жұмыс атқарып жатқан мекемені мақтаған болатын. Олар жұмыстарын сапалы жасайды деп. Сондықтан да біз оларды таңдадық».

 

 

Құрылыстың аяқталуын Маятас тұрғын алабы мен «Мұнай барлау» поселкесінің тұрғындары тағатсыздана күтуде. Күзде таза ауамен демаламыз деген үмітте.

Шынар Оразова