Биыл Айқап шағынауданында кәріз жүйесінің құрылысы басталады

13

Бүгін  қала әкімі  Ғабит Сыздықбеков  Тұран ауданына қарасты «Айқап» шағынауданы тұрғындарымен кездесті. Ел арасында «Бам» деп аталған елдімекенде ең өзекті мәселе кәріз жүйесі болатын. 21 автобустың бағытына да шағымданған халық жол, арық-атыздар мен демалыс орны жайлы өтініштерін шахар басшысына айтуға мүмкіндік алды.

Салима Бажақованың «Айқап» шағынауданында тұрғанына 20 жылдан асты. Айтуынша орталықтандырылған кәріз жүйесі болмағандықтан, тұрмыста пайдаланған шайынды суларды «септикке» жинап, арнайы көлікпен шығарып тұрады. «Биліктегілерге  айта- айта, әкімдіктің табалдырығын тоздырдық»,- дейді зейнеткер.

Жауынға қарамастан кездесуге жиналған тұрғындарға қала әкімі көп жылдары шешімін таппаған мәселе кәріз жүйесінің құрылысы ағымдағы жылы басталып, келер жылы нысан пайдалануға берілетінін жеткізді.

Ғабит Сыздықбеков, Шымкент қаласының әкімі: «Кәріз жүйесінің құрылысы биыл көктемде басталады. Келесі 2025 жылы бітеді. Жарықтандыруда болады».

Өткен ғасырдың 70-80 жылдары бой көтерген ел арасында «Бам» деп аталып кеткен елдімекендегі қазіргі өзекті мәселенің бірі қоғамдық көлік. Қатынайтын жалғыз №21 автобус бір бағытта жүріп, шағынауданға қайта кірмейді деп шағымдарын жеткізді тұрғындар.

Ақсақал: «Бамның кемпір-шалы бар ма, артынып-тартынып сөмкелерімен трассаға шығады. Базарға тікелей  баратын автобус жоқ. Бәрі ауысып мінеді. 21 автобусты қайта кіретін етіп жасауға болмайды ма. Бұрын солай жүретін еді ғой».

«Автобус мәселесін біз зерделеп қараймыз. Себебі қазір бірден айта алмаймын» деген әкім мүмкіндікті пайдаланып, кездесуде қоғамдық көліктерде жол жүру бағасы қымбаттайтынын жеткізді.

Қала әкімі: «Қоғамдық көліктегі  жол ақысы тарифі Қазақстан бойынша Шымкентте  ең төмен. Барлығына баға өскен. Біз жол ақысын көтеруге мәжбүрміз. Бағаны мемлекет тарапынан субсидия төлеп ұстап тұрмыз. Алайда бұлай жалғаса бермейді. Қазір жол ақысы талонмен 70 теңге болса, 100 теңгеге көтереміз»

Жиналған қауым шағынауданда аға буын өкілдері жиналатын демалыс орнының жоқтығын алға тартты. Шаһар басшысы Тұран ауданының әкімі және басқарма басшыларына бұл мәселені зерттеп, жер телімін бөліп, абаттандырып беру жөнінде тапсырма берді.