Көмірдің тоннасы 14 мың 600 теңгеге тұрақтаған. Сапасы төмендерін он мыңнан да алуға болады. Былтыр қатты отын бағасы шарықтап, тапшылық орын алғаны есімізде. Салдарынан жылыжаймен айналысатын шаруа қожалықтары сазға отырып, күрделілік шыр айналдырғаны бар. Биыл осындай олқылыққа орын беріле ме? Әлде отын базасындағы баға мен көмірдің дер кезінде жеткізілуі қатаң қадағаланады ма?
Түстікті қатты отынмен қамтитын мекемелер қажетті қор жинауға қызу кірісіп кеткен. Күніне 3-5 вагон көмір қабылдап жатыр. Бағасы да қалтаға қонымды. Тоннасы сапасына қарай сатылуда. Яғни, көмірдің бағасы 9 жарым мыңнан -14 мың 600 теңге төңірегінде босатылып жатыр. Былтырғы күрделіліктен сабақ алғандардың бірі қазығұрттық Қалихан Әбубакиров. Ол жерлестеріне дер кезінде қатты отын тасып беруді мойнына алыпты.
Отын базасынан көмір келісімшарт негізінде өңірдегі мектептерге де босатылады. Бүгінге білім ордаларының 80 пайызы қатты отындарын алып үлгерген. Тұрақты тұтынушылардың арасында кірпіш және цемент зауыты да бар. Олар майда көмірге тапсырыс береді. Шұбаркөл, Қарағандыдан жеткізілген көмірдің сапасы жақсы, қуаттылығы жоғары дейді осындағылар.
Ануар Томанов, серіктестіктің менеджері: «Қазір көмірдің 2 мың тоннасы бар. Бағасы да 14 600, 9 500, 10 500 теңгеден де бар».
Отын базасындағылар алдағы қыс маусымында тұрақтылықты сақтап, тапсырыстарын орындауға алдын ала дайындалғанын айтады. Былтыр вагондардың жетіспеушілігі салдарынан көмір тапшылығы орын алып, Қазығұрт, Сарыағаш, Сайрам аудандарындағы шаруа қожалықтарының тапсырысын жеткізуде қиыншылықтарға тап болғанын жасырмайды.
Осындай күрделіктердің алдын алу мақсатында жергілікті билік шара көріп, ертерек қамданса деп отыр. Шұбаркөл, Қарағандыдағы әкімдіктермен қазірден бастап келісімге келіп, қатты отынмен қамтудың өзекті сауалдарын шешіп қойса, тапшылық көрмейміз деп тағы қосты.
Шынар Оразова