Астана әкімдігі мұғалімдер, дәрігерлер және тағы басқа бюджеттік сала қызметкерлерінің баспана мәселесіне шешуге арналған тың жобаны қолға алмақшы. Оның аясында үздік мамандарға 1 миллион теңге көлемінде тұрғын үй куәліктері беріледі. Аталған ақша банкке алғашқы жарна ретінде аударылады, деп xабарлайды ҚазАқпарат.
Қала әкімі Әсет Исекешевтің айтуынша, қазіргі кезде біз қала қызметкерлеріне арналған жаңа тұрғын үй бағдарламасын әзірлеп жатыр. «Оны Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы іске асыратын боламыз. Тұрғын үй куәліктері арқылы біз мұғалімдер, дәрігерлер және тағы басқа мамандардың баспана мәселесін шешуді көздейміз», — деді Ә.Исекешев «Астана-адалдық алаңы» жобасы аясында өткен жиында.
Әкімдіктің баспасөз xатшысы Эльвира Жүргенбаева аталған бастаманың мән-маңызын кеңінен түсіндіріп берді. Оның сөзіне қарағанда, үздік мамандарға 1 миллион теңге көлемінде тұрғын үй куәліктері беріледі. Ол ақша адамның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкідегі жеке есеп шотына аударылады.
«Миллион теңгені әкімдік көмек ретінде береді. Оны алғашқы жарна ретінде пайдалану қажет. Ақшаның иесі ары қарай өзі қосады. Мәселен, бастапқы жарна 3,5 миллион теңге болса, бір миллионын әкімдік береді, қалған ақшаны адам өзі жинайды. Соның арқасында үйді ертерек алуға мүмкіндік бар. Әрине, ол мұғалімдерге де стимул болады. Басты талап — жақсы көрсеткіштер, тәжірибе мен оқушылардың жетістіктері», — деді Э.Жүргенбаева ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында.
Айта кетейік, Астанадағы Тамыз конференциясында Әсет Исекешев бюджеттік сала қызметкерлерінің элиталық корпусын жасақтайтынын мәлімдеген болатын. «Бүгінде қала әкімдігі мықты мамандарды тартып, оларға жағдай жасау жағын ойластырып келеді. Соңғы он жылдың ішінде мемлекеттік бағдарлама аясында астаналық мұғалімдерге 2 500-ден астам пәтер берілді. Дегенмен, қала өсіп келеді. Енді, бізге барлық салалар бойынша мықты мамандардың корпусын қалыптастыру қажет.
Олардың ішінде мұғалімдер, полицейлер, дәрігерлер, өрт сөндірушілер және тағы басқа мамандар бар. Қазір Мемлекет басшысының бастамасымен «7-20-25» бағдарламасының қолға алынғанын бәріміз жақсы білеміз. Кәсіби мамандар корпусын қолдау мақсатында біз осы санаттағы қызметкерлерді баспанамен қамту тетіктерін әзірлейміз.
Сөйтіп, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен бірге бюджеттік саланың 10 мың қызметкерін пәтермен қамтамасыз етеміз. Соның ішінде 3 мыңдай пәтер мұғалімдерге таратылады», — деп атап көрсетті Ә.Исекешев.