Еңбек өтілін қате есептесе, зейнетақы жарнасын дұрыс аудармаса…

720

Газет редакциясына қоңырау шалып, хат жазатын оқырмандарымыз көп. Әрқайсысының айтары да әртүрлі. Оқырмандарымызды толғантқан сауалдардың бірқатарын жинап, сала мамандарына жолдап, жауабын білдік.

«Зейнетақы жарнасын дұрыс аудармаған»


С: Мен жеке компанияда қызмет еттім. Еңбек келісімшарты жасалған. Зейнетақы жарнасы аударылып отыратыны көрсетілген. Бірақ, бухгалтерия зейнетақы жарнасын ай сайын емес, бірнеше айдың зейнетақы жарнасып қосып, бір рет аударған екен. Содан менің еңбек өтілім аз болып қалды. Енді не істеймін?

Ермек

Бұл сұраққа ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау департаментінің бөлім жетекшісі Жансая Секербекова жауап берді.

Ж: Зейнетақы жүйесіне енгізілген өзгерістер аясында еңбек өтілі дұрыс есептелмеген тұлғалар сотқа жүгіне алады. 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап, ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50% көлемінде тағайындалып келген базалық зейнетақы еңбек өтіліне қарай есептеле бастады. Бұл ретте кей жұмыс берушілердің төлемдерді дер кезінде аудармай немесе бірнеше айды қосып, бір рет жасағандары анықталды. Заң бойынша бұл 1 ай болып қана есептеледі. Яғни, жылына екі рет жасалған төлем зейнетақы жүйесінде екі айлық еңбек өтілі болып саналады. Бұл заңда көрсетілген, сондықтан адамдар еңбек кітапшасындағы жазбалармен сот арқылы еңбек өтілін дәлелдеуі қажет. Штаттан тыс жұмысшылардың зейнетақы жарналарына қатысты жағдай былай болады. Қазір біз Үкімет Қаулысы жобасына қол қойылғанын күтіп отырмыз. Онда жарна төлеуі тиіс тұлғалар нақтыланады. Себебі, азаматтық-құқықтық келісімшарттардан түскен төлемдер көрсетілген қызмет үшін алынған ақы болып саналады. Сондықтан, жеке мүлікті, пәтер мен көлікті сатудан түскен қаражаттан зейнетақылық аударымдар алынбайды. Мұның барлығы ҚР Үкіметі қаулысы жобасында нақты көрсетіледі. Қаулы жобасы қыркүйек айында жарияланады. /inform.kz/

Еңбек демалысына қалай шығамын?


С:Жекеменшік компанияда жұмыс істегеніме 5 жыл болды. Еңбек келісімшарты бойынша жұмыс кестем үш күн (сенбі, дүйсенбі, сейсенбі). Мен осы уақыт аралығында бір рет те еңбек демалысына шықпағанмын. Бірақ, төлемін алғанмын. Сұрайын дегенім, мұндай жағдайда еңбек демалысы қалай белгіленуі керек. Жалпы, еңбек демалысына қанша жыл шықпауға болады?

Салтанат

Оқырманның сауалына Түркістан облысы Еңбек инспекциясы жөніндегі басқарманың бөлім басшысы Ғабит Ақбердиев жауап берді.

Ж: ҚР Конституциясының 24-бабына сәйкес, еңбек шарты бойынша жұмыс істейтін азаматтарға жыл сайынғы ақылы демалысқа кепілдік берілген. Осының негізінде, ҚР Еңбек кодексінің 23-бабы, 2-тармағы, 16-тармақшасына сәйкес, жұмыс беруші жұмыскерге жыл сайын ақы төленетін еңбек демалысын беруге міндетті. Еңбек демалысы ағымдағы жыл ішінде бөліктерге бөлініп берілуі мүмкін. Оның бір бөлігі күнтізбелік екі аптадан кем болмауы тиіс. Жұмыскерге екі жыл қатарынан ақылы еңбек демалысын бермеуге тыйым салынған. Сіздің жағдайда жергілікті еңбек инспекциясы басқармасына шағымдануына болады.

ЗЕЙНЕТАҚЫМДЫ ҚАЙДАН АЛАМЫН?


С: Жасым 70-те. 30 жыл жұмыс істеп, зейнеткерлікке шыққанмын. Зейнетақым да тәп-тәуір. Жақында балаларыммен бірге Рессейге көшпекпін. Сұрайын дегенім, тұрғылықты мекенжайымды ауыстырған соң зейнетақым қалай төленбек?

Тамара

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғауминистрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Сабыржан Дадаметов жауап берді.

Ж: «ТМД елдері азаматтарын зейнетақымен қамтамасыз ету туралы құқықтық кепілдік туралы» Келісімінің 7-бабына сәйкес, (13.03.1992 жылы Мәскеуде қабылданған) Келісімге қол қойған елдердің біріне қоныс аударатын болсаңыз, онда бұған дейін тұрғылықты мекенжайыңыз бойынша тағайындалып, төленіп келген зейнетақы төлемі тоқтатылады. Сізге жаңа мөлшердегі басқа зейнетақы тағайындалмақ. Мәселен, Ресейге қоныс аударытан болсаңыз, жоғарыда аты аталған келісімге сәйкес, зейнетақының мөлшері мен еңбек өтілін есептеу РФ заңы негізінде жүзеге асады.
Жәрдемақы мен зейнетақыны тағайындап, төлеу ҚР ІІД есебінен шыққан айдан бастап жүзеге асырылады.

КӨЛІКТІҢ НӨМІРІН АУЫСТЫРЫҢЫЗ


С: Шымкентте тұрамын. Жақында көлік сатып алдым. Көлікті өз атыма рәсімдеп, нөмір алғанда «17» саны беріле ме, әлде «13» пе? Таңдау еркі бар ма? Әлде жаңа нөмірлердің барлығы автоматты түрде «17» санымен беріле ме? Қазір нөмір алу қанша теңге деп бекітілді?

Мейірман

Оқырманның сауалына Түркістан облыстық ІІД баспасөз қызметі жауап берді.

Ж: Көлікті өз атыңызға рәсімдеп нөмір алу үшін мамандандырылған ХҚКО-на баруыңыз керек. Құжаттарыңыз өңделіп, базаға тіркелген соң сіздің автокөлігіңізге жаңа белгілік нөмір беріледі. Егер сіздің тұрғылықты мекенжайыңыз Шымкент қаласында болса, сізге «17» нөмір беріледі. Түркістан облысының тұрғындары үшін «13» нөмірі қалдырылады. Нөмірлер автоматты түрде беріледі. Ал егер ерекше «VIP» нөмір алғысы келгендер мемлекет есебіне арнайы салық төлесе болғаны.

Еркектер де декретке шығады


С: Жақында сәбилі боламыз. Жалақым аз. Жолдасымның айлығы әжептәуір. Сұрайын дегенім, бір жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты табысынан айрылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемді баланың әкесі өзіне рәсімдеп ала алады ма?

Алма

Оқырманның сауалына «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Сәуле Ахметова жауап берді.

Ж: «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 25 сәуірдегі N 405 Заңының 23-2 бабы 1-тармағына сәйкес, бала бiр жасқа толғанға дейiн оның күтiмiне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетiн әлеуметтiк төлем мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiнің өзі үшiн әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлген және Қордан төленетін әлеуметтiк төлемдер алуға құқығы бар қатысушысына тағайындалады.
Мемлекет азаматтарға әлеуметтiк қатер жағдайлары басталған кезде әлеуметтiк сақтандыру түрлерi бойынша әлеуметтiк төлемдердi алу құқығына кепiлдiк бередi.
Сонымен қатар, бір жасқа толғанға дейінгі бала күтіміне байланысты табысынан айрылуына әкеп соқтырған оқиғаның басталуы, соның нәтижесінде әлеуметтiк төлемдердi алу құқығына ие болады.
Осылайша, егер баланың әкесі ҚР Еңбек кодексінің 100-бабына сәйкес бала күтіміне байланысты демалысқа шығатын болса және оған байланысты өзінің табысын жоғалтса, баланың әкесі бір жасқа толғанға дейін бала күтіміне байланысты табысынан айрылған жағдайда әлеуметтік төлемді алуға құқылы.

ТИЕСІЛІНІ АЛЫҢЫЗ


С: «Бірінші топ мүгедегімін. Қос аяғымнан айырылғаныма 30 жылдан асып кетті. Бұған дейін демалыс аймақтарына тегін жолдама алып келдім. Жақында қоларба алдым. Сұрайын дегенім, бұдан басқа қандай құрал-жабдықтарды аламын?»

Сәндібек

Оқырманның сұрағына ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті ОҚО бойынша департаментінің медициналық-әлеуметтік сараптаманың әдіснамалық және бақылау бөлімінің бас маманы Сырым Шонанов жауап берді.

Ж: «Мүгедектерді оңалтудың кейбір мәселелері туралы» ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 22-қаңтардағы №26 бұйрығының 1-қосымшасына сәйкес:
– жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектер үшін жеке көмекшінің әлеуметтік қызметтерін;
2-қосымшаға сәйкес:
– санаторий-курорттық емделуді;
3-қосымшаға сәйкес:
– техникалық көмекші (орнын толтырушы) құралдар:
– белсенді ұстағыш;
– міндетті гигиеналық құралдармен:
– санитарлық құрылғысы бар кресло-орындық;
– дәретхана бөлмесіне арналған қайырмалы тіреуіш тұтқалар;
– ұсынуға мүмкіндік болатыны туралы хабарлайды.

Сонымен қатар халықты әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету туралы стандарттарын бекіту туралы ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 26 наурыздағы №165 бұйрығына 2-қосымша Халықты әлеуметтік қорғау саласында жартылай стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету стандартына сәйкес жартылай стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызмет алуға болады.

ПОЙЫЗЫҢЫЗ КЕШІКСЕ…


С: Жақында жаңалықтардан Жамбыл облысында пойыз жолда болған апат салдарынан Астана-Шымкент бағытындағы пойыздың кешігіп, жолаушылардың 2 күн бойы перронда қонғанын естідік. Жиі жол жүремін. Сондықтан да бұған бейжай қарай алмаймын. Білейін деген едім, темір жолда орын алатын осындай келеңсіз жағдайда қайда шағымданамын?

Маржан

Оқырманның сауалына «Жолаушылар тасымалы» АҚ тұтынушылармен жұмыс істеу және қызмет көрсету департаментінің директоры Әлібек Сұлтанов жауап берді.

Ж: Біздің компания кез келген мәселені шешуге дайын. Халық үшін — сайтымызда компания төрағасының блогы, 1433 желісі сынды коммуникациялық каналдар жұмыс істеуде. Халық мұнда өзінің пікірлерін, мәселелері мен ұсыныстарын қалдыра алады. Қандай да бір түсініспеушілік орын аласа да осында хат-хабар тастап, хабарласуға болады. Темір жолға қатысты барлық мамандар, тіпті көлік прокуратурасының прокурорлары да осы жерде сіздің шағымдарыңызды қарап, шешілмей жатқан түйіткілді мәселеңіздің шешу жолдарын қарастырып береді.

СӨМКЕҢІЗДІ ҚАЛДЫРУҒА МІНДЕТТІ ЕМЕССІЗ


С: Дүкенге барғанымда есік алдындағы күзетші мен жас жігіттің арасындағы жанжалдың куәсі болдым. Күзетші әлгі жігітке рюкзагін сақтау жәшігіне қалдыруын талап еткенімен, жігіт бұдан бас тартты. Дүкенге барғанда сөмкені қалдыруға міндеттіміз бе? Және күзетшінің сөмкенің ішін ақтарып қарауы қаншалықты заңды?

Арман

Оқырманның сауалына заңгер Венера Шетаева жауап берді.

Ж: ҚР заңына сәйкес, дүкенге барғанда сөмкеңізді жүк қоймасына өткізуге міндетті емессіз. Бұл жайында 4 мамыр 2010 жылғы № 274-IV ЗРК ҚР «Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы» заңында: «мүлкіңізді қоймаға қалдырмауға құқыңыз бар» деп жазылған. Ал, ҚР 19 қазан 2000 жылғы № 85-II «Күзет қызметі туралы» заңында күзетшілердің функциялары тайға таңба басқандай көрсетілген. Мәселен, 3-бапта:
1. Азаматтардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндірмеуді қамтамасыз ету;
2. Заңды және жеке тұлғалардың мүлкіне өзге біреулердің қол сұқпауын қадағалау деп жазылған.
Алайда бұл жерде азаматтардың сөмкесін ашып, тексеруге болатындығы туралы жазылмаған. Ал өзге біреулердің айыптауы негізінде сөмкені ашып тінтуге рұқсат етілмейді. Дүкенде орнатылған дыбыс құралдарының сигналы немесе бейне жазбалық айғақ болғанның өзінде, сөмкені дүкеннің күзеті тексере алмайды. Тінтуді жүргізуге тек арнайы шақыртылған тәртіп сақшысына ғана рұқсат бар. Ол кезде арнайы құжаттар түзіліп, куәгерлер тартылады.
Аталмыш занның 4-бабы: күзетшілерге қазақстандықтардың құқықтары мен бостандықтарын бұзуға тиым салады.

Дайындаған — Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат» газеті

№32, 8 ТАМЫЗ 2018 ж.