Естелікке айналған көл

594

Халық аузында «маржан көл» атанған Қырғы базар маңындағы көлдің әсемдігі бүгінде тек өткен шаққа, дәлірегі көрмегендер елестете алмас естелікке айналған. Жетімсіреген көлдің бүгіне тоқталмас алдын, өткеніне көз жүгіртелік.

Тәтті естелікке толы көл
Көл әуелі қандай мақсатта жасалғанын өңірімізге белгілі тарихшы бірі Момбек Әбдәкімұлынан сұрап білдік.
– Жасанды көлді 1958 жылы арықтардан арнайы жасаған. Ондағы басты мақсат – халықтың серуендеп, бой сергітетін жеріне айналдыру. Солай болды да. Біздің жас кезімізде тамаша еді. Тіпті көл ортасында жасанды арал болған. Ол аралда ресторан бар еді. Бірақ ресторан 1969 жылы жабылып қалды. Сол кезде қайықтар бар болатын. Адамдар серуендеп, балалар жаз бойына шомылатын. Небір тәтті естеліктер өтті ғой,- дейді тарихшы.
Қала тұрғындарының небір қызыққа толы естеліктері қалған көлдің қазіргі кейпі көңіл көншітпейді. Момбек Әбдәкімұлының айтуынша маржан көл қараусыз қалып, күтім көрмегендіктен осындай күйге түскен.
– Уақыт өте келе көлдің жайы жаман бола бастады. Қазір тіпті қараусыз жатыр. «Орнына келтіреміз» десе де келтіре алмады. Кейін көлді бұзды. Содан кейін су көздерінің бәрінің аузын жапты. Сөйтіп жүргенде әр жерден су шығып, үйлердің астына да су толып кететін болды. Одан кейін қайта ашты. Бәрібір қалпына келмеді. Өйткені күтім жоқ, су да азайып кеткен. Кеңес үкіметінің кезінде қыста суын ағызып жіберіп, тазалық жұмыстары жүргізілетін. Қазір тазаланбағандықтан саздан масалар да пайда болады. Жалпы көл шомылу үшін жасалған. Бір жағынан су келсе, екінші жағынан ағып кететін. Қазір бұлақтардың суы тартылып кеткен. Дегенмен қалпына келтіруге мүмкіндік бар. Балалар көл суы ыстықтан жаман болып кетсе де шомылып жүр. Қала тарихындағы көлдің маңызы – адамдардың серуендеп, бой сергітетін орны болып қалды,- дейді ол.
Тарихшының сөзінше, мұндағы базар көлден бұрын да болған.
Қырғы базар тіпті 1864 жылы болған екен. Жан-жақтан балық сататын саудагерлер келген деседі. Ал нақты қай жыл ашылғаны ешкімге белгісіз. 1970 жылдан кейін базар үлкейе бастаған. Сөйтіп көкөніс базарының барлығы сол жаққа көшкен. Орталық базары деген атақ алған. XX ғасырдың басында сол жерде ел жоқ, қыр болған. Содан болып, «Қырғы базар» деп аталып кеткен.
Ал Әмина Көлбаева есімді қала тұрғыны көлдің көз алдында сақталып қалған сұлулығын баяндап берді.


«1986-1988 жылдар кезінде көл керемет болатын. 5-6 жасармын. Отбасымызбен көл жағалауына демалуға келетін едік. Айнала толы адамдар. Суы тұп-тұнық, сондай әдемі еді. Әкеммен келгенде міндетті түрде көлдегі катамаранға отырамыз. Аяғым жетпейтін, әкем жүргізетін. Сол кездер керемет екен ғой.Сол кезде көл айдыны өте үлкен болып көрінетін. Құдды қазіргі демалыс аймақтары сияқты еді» деген Әмина көлдің қазіргі жағдайына жүрегі ауыратынын айтады.
– Қазір көл өте лас қой. Сонда да балалар шомылып жүреді. Осындайда балалардың ата-анасына ұрысқым келеді. Тұрып қалған су, қандай ауру жұқтырып аларын кім білсін?! Ол тұрмақ бассейнге баруға қорқамыз қазір. Басында абаттандырған, жылы, жап-жақсы фонтандары істеп, суы ауысып тұрды. Кейін мүлдем қараусыз қалды. Әлі есімде 1998 жылы болуы керек. 9- сыныпты бітіріп келгенімде түбінде ғана су жатқанын көріп жылағым келді,- дейді тұрғын.

Азабын халық көрді
90 жылдары – тоқырау мен нарық қазаны қайнаған уақыт. Мұның бір салқыны қала келбетіне де тиіп өтіп, «Керемет көрем» десең, көлге кел» дейтін сұлулықты тас-талқан етеді. Сол кездегі беделі асып тұрған іскер азаматтардың бірі көлдің астына тас төсеп, бетондап, көлді базарға айналдырып жіберді. Осылайша көпке сая көрікті мекен бір мезетте жоқ болды.
– Көл айналасында жерасты суы ағып кететін бірнеше бұлақ бар. Көлді бетондап, базарға айналдырғаннан кейін су кететін жолдар жабылып қалды. Нәтижесінде айналадағы үйлердің жертөлесі топырақасты суға толып, халық бір азаматтың жасаған тірлігінің азабын көрді,-дейді өлкетанушы Кеңес Исмаилов.
Көл орнына құрылған базарда жеміс-жидек пен көкөніс көтерме бағамен сатылады. Баға арзан болғандықтан ағылған адам да аз болмайды, әрине. Сатушы мен сатып алушы көбейген сайын күл-қоқыс та молайды. Осылайша базар маңы қоқыс ордасына айналады. Ал 2006 жылы облыс басшылығының шешімімен көл маңындағы сауда орындарын қала шетіне шығару туралы шешім қабылданды. Нәтижесінде сауда орындары сүріліп, қала сыртына көшірілді. Көл маңы абаттандырыла бастайды. 2007 жылы көлді қайта құру жұмыстары басталды.
Өлкетанушы Кеңес Исмаиловтың айтуынша, қайта құру жұмыстары дұрыс жүргізілмеген. Әліге дейін соның салдарын көріп келеміз.

«Ирригациялық жүйелері бұзылған»

– Халық арасында «көл» деп аталып кеткен тоған өзіндік жолмен, яғни жерасты суларының негізінде пайда болған. Осыған сәйкес бұл жерде жер суландыратын жүйе құрылады. Көлдің айналасында топырақасты су көп болған. Сондықтан бір жерге жиналып, шлюз арқылы Қошқаратаға ағып кеткен. Демек, бұл көл бастапқыда дренаж жүйесінің (жер асты арналар жүйесі) жұмысын атқарған. Ал қазір ирригациялық жүйелері бұзылған. Біздің басты мәселеміз – жаңа дүниені жасағанда сыртқы көрінісіне ғана мән береміз. «Сыртынан қарап, ой, керемет» деп айтқанын қалаймыз. Түбін ойламаймыз. Көлдің қайта құру жұмысы – сөзімнің дәлелі. Иә, көлді жаңғыртты. «Бірақ адамға пайда әкелсін» деп емес, «көзді қуантсын» деп жасаған. Ал бұл сұлулық жанды жылытып жатқаны сезілмейді,-дейді өлкентанушы.
Кеңес Исмаиловтың «дұрыс жасалмады» дегені: көлді қайта құру кезінде көл астына салынған бетондар бұзылмай, сол қалпында қалдырылуы болып отыр. Салдарынан бұлақтар мен жер асты суы тасты тесіп сыртқа шыға алмайды. Нәтижесінде жер асты арналар жүйесі дұрыс жұмыс істемейді. «Көл өздігінен толып, өздігінен су ағып кету мүмкіндігі барда, оған тосқауыл қойып, көлді қолдан жасаудың не қажеті бар еді?» деген сауал өздігінен туындайтыны рас.

«Көлдегі су аптасына бір жаңарады»
Сонымен көлдің қазіргі көрінісі қандай? Бұл сұраққа толық жауап алу үшін көлге қарай бет алдық. Сынап бағанасы 40 градустан жоғары көрсетіп тұр. Көл айналасында жайқалып тұрған жасыл желек. Ал көгалдағы кішігірім субұрқақтардан шашыраған судан салқындық сезіледі. Бұл көрініске сәл алыстан көз сүйсінері рас. Тек жақындай бергенде мүңкіп тұрған жағымсыз иіс әдемі көрініске ұзақ қарауға мұрша бермейді. Тағы жақындай түстік. Шомылып жүрген елу шақты баланы көзіміз шалды. Мәз-мейрам. Суға қарасаңыз, тек шомылып жүргендерді ғана емес, су бетінде қалқып жүрген жасыл балдырларды, құрбақаның тезегін, ақ түсті ұнтақтарды да көресіз. «Көлдің түбі де оңып тұр» деуге келмейді. Бетонның кейбір жерлері опырылып, астындағы жер көрінеді. Жағымсыз иіс тағы бар. Тазалаудан кенде болып жатпағанымен мәселе шешімін табар түрі жоқ.
«Жағымсыз иіс пен су бетіндегі көк қайдан пайда болады және ол неліктен жоқ болып кетпейді» деген сауалымызға «Шәмші әлемі» гүлзарының әкімшісі Жазира Көшерова былай жауап берді.

Жазира Көшерова, «Шәмші әлемі» гүлзарының әкімшісі:
– Бір орында тұратын судың барлығында мұндай балдырлар болады. Десе де адамдар шомылып, демалатындықтан қолымыздан келгенін жасап жүрміз. Көлдегі су бір аптаға жуық тұрғаннан кейін «гүлдене» бастайды, жағымсыз иіс шығады. Сондықтан аптасына бір рет толығымен тазалау жұмыстары жүргізіледі. Аптаның бесінші күнінде көлдегі судың барлығын Қошқар ата өзеніне қарай ағызып жібереміз. Көл табанын кептіреміз. Кептірудің өзіне бір күн кетеді. Бірден шлюзді аша алмаймыз, себебі ағын қатты болып, Ордабасы алаңын су басып қалуы мүмкін.

Әр тазалыққа 50 кг хлор


Су жиналатын жерді кептіріп болған соң, ол жерге техника жұмылдырылады. Темір тұлпар көлдің түбінде жиналып қалған балдыр, басқа да қоқыстарды қырып алады.Техниканың темір таяғы жетпеген жерді ЖШС қызметкерлері қолдарымен тазалайды. Содан кейін дезинфекция жасайды екен.
Жазира Көшерованың айтуынша, көлде кептіруге келмейтін, суы кетпейтін кейбір тұстары бар. Ол жерлерді балшық деуге келеді. Осы жерден көктер, жағымсыз иістер пайда болады.
– Міне, осы жерлерді дезинфекциялаймыз. Оған 50 кг-дай хлор кетеді. Тазалау жұмыстары біткен соң, «Кең баба» саябағы жағынан сумен көлді қайта толтырады. Оған да 1 күн кетеді. Судың қандай тереңдікте болуын мен өзім жеке қадағалаймын. Ернеуіне жеткізе толтырмаймын, қауіпті,- дейді гүлзар әкімшісі.
Жазира Көшерованың сөзінше, көлді күнделікті тазалау жұмыстарына 4 адам бектілген. Толық тазалайтын кезде Шәмші әлемі аллеясының қызметкерлері көмекке тартылады.

Көлге қоқысты қала тұрғындары лақтырады


Күнсұлу Есалиева 8 жылдан бері «Жасыл қала» ЖШС-де еңбек етеді. Осыншама уақыт көлді тазалау жұмыстарымен тікелей айналысып жүр. Көлдің қоқыс басып, сасып кетуіне қала тұрғындарының да кінәсы бар,- дейді ол.
«Жұмысымыз таңғы сағат 8:00-ден бас-талады. 17:00-ге дейін көлдің айналасында жүреміз. Жұмыс көп. Көлдің бір бетін тазалап жатсаң, екінші жағынан шомылуға келгендер қоқыстарын лақтырып, киімдерін жуып жатады. Соны көргенде ренжіп қаласың. Сенбейсіз ғой, кей кездері 2 машина қоқыс шығарамыз. Жұмыс уақыты аяқталып, үйді-үйімізге кеткен кезде адамдар ойларына келгендерін жасайды. Түнде қаңғыбас, ішкіштер келіп жуынады. Оларды қадағалап, тәртіпке шақыратын тәртіп сақшылары да бекітілмеген», – деп ашынады Күнсұлу Есалиева.
Тазалықшылар көлге ешкімнің жаны ашымайтынына күйінеді. Кешкісін көл маңындағы тәріпті қадағалайтын сақшы бекітуді сұрайды. Сондай-ақ тағы бір мәселенің шетін шығарды. Айтуларынша, көлдің маңы жарықтандырылмаған. Сондықтан көл айаласындағы жасыл желекті түнде суғару өте ыңғайсыз әрі қауіпті екен.
Жұмысшылармен тілдесіп болған соң шомылып жүрген қала тұрғындарының жанына бардық. Барлығы – балалар,. Ата-аналары жағада отыр екен. Бірін сөзге тарттық. Ербол Заманхан баласын тіс дәрігеріне апару керек болыпты. Бірақ дәрігердің қабылдау уақыты өзгерген соң, уақыт қысқарту үшін көл жағасына келіпті.

Ербол Заманхан, қала тұрғыны:
– Балам «суға кіремін» деп жылап қоймаған соң, амалсыз рұқсат бердім. Су өте лас, тазаланған суға ұқсамайды, бетінде балдырлар жүр. Бұл – баламның осы көлде алғашқы және соңғы рет шомылуы. Қазір бұл жерден шыққан соң, міндетті түрде таза сумен шайындыру керек.

Шомылуға болмайды
Әл-Фараби аудандық денсаулық сақтау басқармасының санитариялық-гигиеналық қадағалау бөлімінің қызметкерлері көлдің біраз уақыттан бері тексерілмегенін айтады.

Клара Рүстемова, Шымкент қаласындағы Әл-Фараби ауданы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы, санитариялық-гигиеналық қадағалау бөлімінің басшысы:
– Тек рұқсат етілген арнайы белгі қойылған жерде ғана шомылуға болады. Бұл көлдің территориясында ондай белгі қойылмаған. Демек шомылуға болмайды. Су құрамын тексеру жұмыстарына келсек, осы кезге дейін жиі тексеріп тұратын едік. Қазір тексеру жүргізіліп жатқан жоқ.
Ал, «Жасыл қала» ЖШС жұмысшылары су толығымен хлормен тазаланатындықтан шомылу қауіпті емес екенін айтады. Тіпті, алдағы уақытта, көлдің қайта құру жұмыстары қолға алынып, бұрынғыдай елдің сүйікті орнына айналатынына сенеді.
Иә, кезінде қаланың маржанкөлі атанған аумақты қайтадан жаңғырту керек-ақ. Тек, көзбояушылықпен емес, көпшілікке пайдалы болатындай еткен жөн. Әйтпесе көптің сүйіктісіне айналған көліміз көз алдымызда құрып барады.

Жанерке ХУМАР
Әлия ӘДІЛБЕК

«Оңтүстік Рабат» газеті

№30, 25 ШІЛДЕ 2018 ж.