Үш күннен кейін Индонезия астанасы Джакарта және Палембанг қалаларында XVIII жазғы Азия ойындары басталады. Дүбірлі сынға сары құрлықтың 45 мемлекетінің ұлттық құрамалары қатысады. Құрлықтың басты бәсекесінде спорттың 42 түрінен 476 медаль сарапқа салынбақ. 18 тамыз бен 2 қыркүйек аралығында өтетін сында шамамен 10 мыңға жуық спортшы жүлде үшін бақтарын сынап көрмек.
Биылғы Азиада Вьетнамда өтуі тиіс болатын. Бірақ, ел билігі қаржы дағдарысын алға тартып, жарысты өткізуден бас тартты. Сөйтіп, бұл мәртебеге Индонезия ие болды. Бүгінде Индонезия доданы қабылдауға толық дайын. Түрлі спорт кешендері мен стадиондар салынып, инфрақұрылым жақсарды. Мәселен, Джакартадағы Gelora Bung Karno стадионы қайта жабдықталып, спорттың 13 түрінен бәсекелерді күтіп тұр. 76 мыңнан астам адам сиятын стадионда әрбір жанкүйердің бет-жүзін анықтайтын бейнакамералар мен құрылғылар орнатылған. Бұл – терроризмнің алдын алуға бағытталған шара. Ат спортына арналған аренаның құрылысына 30,8 млн АҚШ доллары жұмсалған. Ал Джакартаның шығыс бөлігінде алып велодром бой көтерген. Мұнда велоспорт, футзал, күрес, бадминтон және күрес спортынан сайыс өтпек. 2018 жылғы Азия ойындарының бойтұмарлары ретінде Индонезия тұрғындарының ұғымындағы жұмақ құсы, мүйізтұмсық және бұғының лағы таңдалған.
Мақсат — үздік төрттіктен түспеу
2018 жылғы жазғы Азия ойындарына Қазақстан құрамасы сапына 440 спортшы таңдап алынған. Оның 404-і Олимпиада ойындары бағдарламасына енген 25 спорт түрінен сынға түседі. Индонезияда Олимпиадалық емес бірнеше спорт түрі де ойын бағдарламасына енген. Бұл бәсекелерге де қазақ спортшылары қатысады.
Жуырда Алматы қаласында қазақ спортшыларын XVIII жазғы Азия ойындарына шығарып салуға арналған салтанатты шара өтті. Жиында ел спортының тізгінін ұстаған азаматтар сайыпқырандарға сәттілік тілеп, көк туды биік ұстау жөнінде тапсырма берді. Бүгінде Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитеті мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігі спортшылардың дүбірлі додаға дайындалуына бар жағдайды жасап, қолдау көрсетіп келеді. Оқу-жаттығу жиындары да жоғары деңгейде ұйымдастырылған.
Еліміздің Ұлттық Олимпиада комитетінің бас хатшысы Елдос Рамазанов «Қазіргі таңда Азия – спорттың орталығына айналды. Биыл қысқы Олимпиада ойындары Оңтүстік Кореяда өтті. Келесі жазғы Олимпиада ойындары Жапонияда, ал қысқы Олимпиада Қытайда өтеді. Осыдан-ақ Азия құрлығында спорт айрықша өркендеп, бәсекелестік артып келе жатқанын аңғарамыз» дей келе ел намысын қорғайтын сайыпқырандарға жеңіс тіледі.
Бұл додада еліміздің көк туын аса дарынды боксшы, әлем чемпионатының жүлдегері Әбілхан Аманқұл ұстап шығады.
Жалпы, жазғы Азия ойындарында Қазақ елінің спортшылары үнемі үздіктер қатарынан көрінеді. Тарихқа көз жүгіртсек, Қазақстан тәуелсіз ел ретінде тұңғыш рет 1994 жылы Хиросимада өткен Азия ойындарына қатысты. Сол Азиадада қазақ спортшылары 25 алтын, 26 күміс және 26 қола медальмен жалпыкомандалық есепте төртінші орынға ие болды. Яғни, қоржынға 77 медаль түсті.
Араға 4 жыл салып Бангкок төріндегі Азия ойындарында жерлестеріміз 24 алтын, 24 күміс, 32 қола еншілеп, жүлде санын 80-ге жеткізді. Бірақ жалпы есепте бесінші орынға түсіп қалды. «Бізге тиесілі» төртінші орынға жарыс қожайындары ие болды.
2002 жылы Пусандағы додада отан-дастарымыз 20 алтын, 26 күміс және 30 қола медальмен төртінші орынға тұрақтаса, 2006 жылы Катардағы сайыстарда 23 алтын, 20 күміс және 42 қола медальмен төрттікті түйіндеді. Қоржынға 85 жүлде түсті. Алтыны аздау демесеңіз, бұл — Қазақстан сайыпқырандарының жүлде саны бойынша рекорды.
2010 жылғы Гуанджоудегі дода біз үшін ең сәтсіздеу Азиада болды. Қоржынға 18 алтын, 23 күміс және 38 қола түсті. Төртінші орынды Иран еншілеп кетті.
2014 жылы Инчхон қаласында өткен сында отандастарымыз 28 алтын, 23 күміс және 33 қола еншіледі. Алтын жүлде саны бойынша Қазақстан үшін ең сәтті Азиада ретінде тарихта қалды. Біз жоғарыда «төртінші орынды бізге тиесілі» деп бекер айтқан жоқпыз. Себебі, қазір Қытай, Оңтүстік Корея және Жапонияны жүлде саны бойынша қуып жету мүмкін емес. Шындыққа тура қараған жөн. Бұл мемлекеттер Азия ойындарында 200, тіпті, 300-ден көп жүлде алуды әдетке айналдырған. Дегенмен, жыл өткен сайын жүлде саны арасындағы айырмашылықты қысқартып, жақындай түсуге болады. Әзірше Қазақстан сайыпқырандары үшін басты тапсырма — Иран, Тайланд, Солтүстік Корея, Өзбекстан сынды мемлекеттерден биік тұру. Құр биік тұру ғана емес, жүлде саны бойынша үлкен басымдықпен озу. Әсіресе, Иран құрамасы қауһарлы. Дегенмен, соңындағы із кесушілер емес, алдындағы жүйріктерге қарап бой түзейтін қазақ спортшылары бұл міндетті орындайтынына сеніміміз кәміл.
Бокстан кемі 2 алтын
Енді отандастарымыздың мүмкіндіктері мен «жүлде алады» деп үміт күтіп отырған спорт түрлеріне тоқтала кетсек. Әрине, қазақ жанкүйерлері ең алдымен боксшыларымызға сеніммен қарайды. 4 жыл бұрын Инчхонда Мырзағали Айтжановтың шәкірттері 6 алтын, 1 күміс және 1 қола медальмен Азияны тамсандырды. Бұл жолы тарихи жеңісті қайталау қиын. Себебі, қазір өзге елдердің боксшылары да күшейді. Екіншіден, биылғы Азия ойындарынан 81, 91 және +91 келі салмақ дәрежелері алынып тасталды. Әйтпесе, Ниязымбетов, Левит және Қоңқабаевтар қоржынға 3 медаль салатыны айқындау еді. Чемпион болуға да тәжірибесі жететін. Енді 7 боксшыға сенім артамыз. Олар да осал емес. Бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов Индонезия төрінде 4-5 жүлде алуды жоспарлап отырғанын, оның екеуі алтын болса тапсырма орындалатынын айтқан. Сәттілік серік болсын дейміз.
Негізі жазғы Азия ойындарында жерлестеріміз су спорты, жеңіл атлетика, оқ ату спортынан жиі жүлде алады. Жалпыкомандалық есепке қомақты үлес қосатындар да – осылар. Бірақ, Олимпиада ойындарында бұл спорт түрлерінен бәсіміз төмен. Дегенмен, Азия құрлығында жүйріктеріміз жерге қаратқан емес. Себебі, бұл додада Еуропа мен АҚШ-тың мықтылары жоқ. Сонымен қатар, күрес түрлері, дзюдо, каратэ, таеквондо, велоспорт, стенд ату, оқ ату, ескек есу, қол добы, су добы сынды спорт түрлерінен еңсеміз биік болады деген сенімдеміз.
Бізден 52 спортшы қатысады
Жұмыр жер бетінде Олимпиада ойындары мен Әлем чемпионаттарынан кейінгі абыройлы дода – жазғы Азия ойындары. 1994 жылдан бері бұрынғы Оңтүстік Қазақстан, қазіргі Түркістан облысының спортшылары алтын медальсіз қайтқан емес. Керісінше, қоржынды жүлдемен толтырып, ұлттық құраманы өрге сүйреп келеді.
Мәселен, 2014 жылы Кореяның Инчхон қаласында өткен XVII Азиадада Оңтүстік оғландары 5 алтын, 6 күміс және 12 қола медаль олжалады. Командалық есептегі жеңістерді есептесек, қоржынға 9 алтын түсіргенін байқаймыз. Бұл – өте тамаша көрсеткіш. Азия құрлығындағы кейбір мемлекеттер алтын медаль ала алмай жүргенде біздің өрендер Әнұранымызды бірнеше рет шырқатты.
Қызық үшін есептей салсақ, Оңтүстiк оғландары жүлде саны бойынша біразынан озыпты. Әсіресе, байдарка және каноэ есу спортының өкілдері 4 алтын, 3 күмiс және 2 қола медаль олжалаған. Ағайынды Емельяновтар, Е.Алексеев және Н.Сергеевалар сары құрлықта қарсылас шыдатпады. Стенд ату шеберлерi 1 алтын және 1 қола жүлде иемденсе, оқ ату спортынан 4 медаль алдық. Бокс, таэквондо сынды спорт түрлерінен де жүлделер бар. Бұл ретте ОҚО су спорты түрлерi мектебi мен жоғары кешенді спорт шеберлігі мектебі оза шапқанын айтуға тиіспіз. Биыл да осы спорт мектептерінің өрендері жеңіс тұғырынан көрінеді деген ойдамыз. Облыстық су спорты түрлері мектебін қолға алған Денис Жарменов облыста ғана емес, республика бойынша ескек есу және академиялық есу спорт түрлерінің деңгейін көтеріп жіберді. Шетелден мамандар шақырып, күн сайын семинар өткізіп жүр десек те болады. Бұған дейін Серік Оңғарбаев та су спортының дамуына үлес қосты. Ал жоғары кешенді спорт шеберлігі мектебінің директоры Балғабай Елшиев әдеттегідей іскерлігімен, спортшыларды жігерлендіре білетін өжет мінезімен ерекшеленіп жүр.
Тарихқа үңілсек, 1994 жылы Хиросимада өткен Азия ойындарында боксшылар – Қанатбек Шағатаев пен Нұржан Сманов алтыннан алқа таққан. Ал 1998 жылы Бангоктегі додада шымкенттіктер 6 алтын, 5 күміс және 4 қола еншілесе, 2002 жылы Пусанда 5 алтын, 14 күміс және 16 қола медаль жеңіп алыпты. 2006 жылы Дохада жерлестеріміз 6 алтын, 7 күміс пен 9 қола жүлдені жеңіп алса, 2010 жылы Гуанджоуде 6 алтын, 7 күміс, 10 қоланы місе тұтыппыз. Ал, Инчхондағы нәтижені жоғарыда жаздық.
Жазғы Азия ойындарына еліміз 1994 жылдан бері қатысып келеді. Сол аралықта отандастарымыз 138 алтын, 142 күміс және 199 қола медальға иелік етті. Ал, сол ортақ жеңіске Оңтүстік өрендерінің де қомақты үлесі бар.
Биыл Индонезиядағы дүбірлі сынға Түркістан облысынан 52 спортшы қатысады. Түркістан облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы ұсынған мәлімет бойынша жерлестеріміз спорттың 18 түрі бойынша жүлделерді сарапқа салады. Бұл құрама Түркістан облысы мен Шымкент қаласы бөлінбей тұрған кезде жасақталған. Қалай десек те Оңтүстік өңірінен: Түркістан облысы мен Шымкент қаласынан аттанған жүректі һәм білекті ұлдарымыз бен қыздарымыздың ортақ мүддесі — Қазақстанның әнұранын шырқатып, көк туын биікке өрлету.
Алтын жүлделер келетініне сенеміз
Джакарта мен Палембанг қаласындағы додадада боксшылар Қайрат Ералиев пен Бекдәулет Ибрагимовтен үміт күтеміз. Екеуі де алтын медаль үшін айқасуға бара жатыр. Екеуінің де тәжірибесі бар. Нағыз бабында жүрген азаматтар. Сондай-ақ дзюдошы Отгонцэцэг Галбадрах та алтын жүлдеден үміткер. Оған Моңғолия, Жапония және Корея елінен келген қарсыластары ғана лайықты қарсылық танытуы мүмкін. Түркістан қаласының жас дзюдошысы Дидар Хамза да жүлде үшін барын салмақ. Бұған дейін де Азия ойындарында топ жарған Дархан Асаділов бұл жолы да сол биіктікті бағындыруға күш салады. Велоспорттан Султанмурат Миралиев жүлдеге ілігуі тиіс. Ал оқ атудан сынға түсетін Юрий Юрков, Рашид Юнусметов, Андрей Гуров, Зәуреш Байбосынова, Расим Мологлы сынды спортшылар Азия ойындарында жүлде алмағанда қайда алады?! Талай жыл жинаған тәжірибелері мен шеберліктерін көрсеткендері абзал. Инчхонда стенд ату шеберлері жасынай жарқыраған. Бұл жолы да Владислав Мухамадиев, Мария Дмитриенко, Виктор Хасьянов бастаған 7 мерген намыс туын биік ұстайды деген сенім бар. Түркістан облысының басты үміті – ескек есіп жүлде терген азаматтарда екені белгілі. Индонезия айдындарында Тимур Хайдаров, Тимофей Емельянов, Сергей Емельянов, Инна Клинова, Евгений Алексеев, Ирина Подойниковалар алтын жүлдеге таласады. Байдарка және каноэда есу спортынан Азияда ешкімге дес бермей жүрген сайыпқырандарымыз биыл 3-4 алтын жүлдені еншілейді деген сенім бар. Батутта секіруден Пирмаммад Алиевтің мүмкіндігі жоғары. Рио-де-Жанейро Олимпиадасына қатысқан азамат – құрлықтағы үздіктердің бірі. Биыл өзбектің кураш спорты тұңғыш рет жазғы Азия ойындары бағдарламасына енгізілді. Бұл бәсекеге облыстан 3 спортшы қатысады. Солардың ішінде әсіресе, Ерсұлтан Мұзаппаровқа жанкүйерлер сеніммен қарайды. Ерсұлтан күрестің бірнеше түрін меңгерген. Қазақ күресінен Түркістан облысының бас балуаны әрі ұлттық құрама көшбасшыларының бірі. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының чемпионы. Шардараның саңлағы бұл жолы кураштан да есе жібермейді деген үміт бар. Біз соңғы кездері көзге түсіп жүрген спортшыларды атап өттік. Азия ойындарында ойламаған жерден жарқ ете қалатын жұлдыздар да шығуы мүмкін. Өйткені, Сейдахмет Бердіқұлов айтпақшы, «спорт деген бір» емес пе? Биыл Оңтүстік өңірінен жарысқа қатысатын спортшылардың ең жасы үлкені 48-де болса, ең жасы — 16-да. Көркем гимнастикадан бақ сынайтын Даяна Абдирбекова қарындасымыз 16 жасында ел намысын қорғау бақытына ие болды.
Ендеше, күллі қазақтың намысын қорғауға аттанған барша спортшыға сәттілік тілейміз. Алға, Қазақстан!
Ғабит САПАРБЕКОВ,
Арнайы «Оңтүстік Рабат»
газеті үшін
«Оңтүстік Рабат» газеті
№33, 15 ТАМЫЗ 2018 ж.
материалды көшіріп басқанда,
бастапқы 2-4 сөйлемдерінде гиперсілтеме және соңында авторы, газет
атауы (нөмірі, шығу күні) көрсетілуі міндетті