Күнгейліктер Ұлы Абайдың туған күнін атап өтті

615

Бүгін, 10-тамыз — Ұлы ақын, қазақтың ойшылы Абай Құнанбайұлының туған күні. Қаламгерді қалың қазақ жұрты, оқырмандары еске алып, айтулы датаны айырықша атап өтуде. Шығармаларына қазақ халқының әлеуметтік, қоғамдық, танымдық мәселелерін арқау еткен ақынды құрметтеуде жерлестеріміз де қарап қалмады.

Жыл бұрын өңіріміздегі кітапханаларда арнайы «Абай әлемі» бұрышы ашылған болатын. Ондағы оқырмандардың өлең-жырға деген құштарлығын көріп, абайтанушылардың дерек-дәйектерімен танысып қайттық.Шымқаланың төрі — «Абай» саябағы, тамыздың 10-жұлдызы. Жерлестеріміз мұнда әдеттегідей түс ауа емес, таңсәріден келеді. Бұл — үлкен үрдіске айналған. Бірі — ақынның арда рухына құран бағыштаса, екіншісі — қаламгердің құрметіне бой көтерген ескерткішке гүл шоқтарын қояды.

Ал бұл сәттерде Абай кітапханасының да тыныс-тіршілігі қыза түскен. Қалың оқырман қауым ақынның есімі берілген мәдени ошаққа арнайы бұрылып, еңбектерімен етене сырласады.

Алуа Түлепова

Алуа Түлепова, «Абай оқулары — 2018» байқауының 1-орын иегері: «Қазір өлең жазып жүрмін. Көптеген арнау-жырларым әдеби жарыстарда жеңіске жетіп, мерейімді асыруда. Ал осы орайда ерекше айтқым келетіні — әркез қолыма қалам аларда, жыр жазарда Ұлы ақынның кез келген өлеңінің 1-2 шумағын оқып аламын. Бұл мені шабыттандырады, жеңіске жетелейді».

 

Жыл бұрын жасақталған «Абай әлемі» кітап-бұрышының да бүгінгі кескін-келбеті өзгерген. Жүздеген жинақтармен толыққанын байқауға болады. Кітапханашылардың айтуынша, бүгінде бұл бұрышқа бұрылушылар көп.

Әлемдік әдебиет арқылы тануда қазақты жаһанға танытқан ақынның 173 жылдығы қазір елімізден тысқары жерлерде де аталып өтілуде. Мәселен, Мәскеудің қақ төрінде ашылған ескерткіш еш елеусіз қалған емес. Ал Қытай астанасының орталығында қаламгерге арналып тағы бір тасмүсін бой көтерді. Өзбекстан Президенті болса, Абайдың шығармашылығын насихаттайтын қаулы бекітіп, қол қойды. Осылайша, төрткүл дүние мәңгілік шығармаларды жаттап, шарықтай шырқап жүр.

Кезінде Абайдың өміржолы, шығармашылығына зерттеу жүргізіп, қалам тартқандар аз болған жоқ. Сауытбек Әбдірахманов, Николай Анастасьев, Дүкенбай Досжан, Тұрсын Жұртбай… тағысын-тағылар. Бірі — Абайды Шығысқа балайды, екіншісі — Батыспен байланыстырғысы келді.

Осы кезде жазушы М.Әуезов әлемге әйгілі тарихи романдар топтамасы 4 бірдей кітап «Абай жолын» жазып шықты. Сөйтіп ІХ ғасырдың 40-50 жылдарында жазушы әдебиетіміздің тарихында бұрын соңды болмаған өзгеріс әкелді. Ал сонау 1989 жылы «Абай» диссертациясын үлкен еңбекпен қоғамдағы теріс көзқараспен күресе отырып қорғаған Мекемтас Мырзахметұлы еді. Енді қаламгерді көпшілік ғалым, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты ғана емес, Абайтанушы ретінде жақсы таниды.

«Исламияттың тарихы, оған Абайдың көзқарасы әлі күнге қозғалыссыз жатыр. Оны біз аша алғанымыз жоқ. Енді ғана ашуға, зерттеуге талпынудамыз. Абайды ешкім толықтай таныған жоқ деп айта аламын, мен ғылыми айналымға кейіннен енген соң ғана кішкентай ғана бір сөзден үлкен маңызды дүние жатқанын ұқтым. Осылайша Абайдың ислам дінін ұстанғанын және оның түп-тамырын зерттеу менің де шәкірттеріме жүктеліп отыр. Мен оларға бағыт-бағдар ұсынамын» — дейді Абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлы.

Абайдың жырлары, оның арда, сезімге толы сыршыл өлеңдері өміршең. Тіпті оны қалың қазақпен қатар шетелдіктер де жатқа айтуға көшкен. Яғни, ел аузында. Себебі олар жанына жұбанышты, қуанышты да ақынның уақытпен өлшенбейтін асқақ шығармаларынан тауып келеді.

Мөлдір Бекеева