Көңілдесі үшін әйелін айуандықпен ұрып өлтірген азаматтың жазасы жеңілдетілді

2183

Көңілдесі үшін әйелін ұрып өлтірген азаматтың жазасы жеңелдетілді. Келіншегін айуандықпен өлтірген Еркін Нартаевтың ісін қайта қараған облыстық сот күдіктінің жазасын бірден он жылға қысқартты. Ал бұл шешімге марқұм келіншектің туыстары қарсы. Ал шешім шығарыған судья бәрі заң аясында қаралғанын айтады.

Бұл бейнежазбаны марқұм Юлдуз Мауленқұлованың туыстары ақтық сапарға шығарып салар алдын түсіріп алған. Видео мен суреттерден бақилық болған екі баланың анасы қиналып өлгендігін байқауға болады. Тіпті медициналық сараптаманың өзі Юлдуздың қайтыс болар алдын аз уақыт бұрын қабырғасы сынып, денесінде түрлі жарақат алғандығын анықтап берген. Дәлел бола тұра, кінәлі деп танылған күйеу балаларының аппеляциялық сотта жазасы жеңілдетілгеніне наразы.

Еске салайық, сұмдық жағдай өткен жылы Қарабұлақ ауылында орын алған. Осы күні марқұм келіншекке өзін Лоламын деп таныстырған азаматша күйеуінің ашынасымен деп ашық айтып, үйден кетуін талап еткен. Бұл жағдайдан кейін Юлдуз күйеуіне бірден хабарласып, жұбайлар арасында ұрыс-керіс болған. Отағасымен сөзге келісе алмаған азаматша қайтыс болар алдын, Бас прокуратураның шұғыл нөміріне екі рет хабарласқан.

Анартай Ниязметов, марқұм Юлдуздың заңды өкілі:  «Сол күні Бас прокуратураға екі мәрте қоңырау шалған. Бұлар телефонды таппаған. «Екі балаңды алып үйден кет» деп күйеуі Юлдузды қумақшы болған. Кейіннен ұрып өлтірген. Қаншама дәлел бола тұра, сот істі бұрмалап жіберді».

Ал марқұмның күйеуінің жақындары бұл айыппен келіспейді. Туыстары марқұм келіншектің өзі дарға асылып қалғанын алға тартып отыр. Отағасының жақындары қайғылы оқиға болған күні Еркінжан мен Юлдуздың арасында ешқандай жанжал болмағандығын алға тартады. Сондай-ақ, марқұм келіндерінің өзі қайтыс болар алдын бірнеше рет өз-өзіне қол жұмсамақ болғанын айтып отыр.

Жорабек Нартаев, сотталушының туысы: «Биологиялық сараптама жүргізген. Киімінде қан дақтары анықталмаған. Ағама бекерден бекер жала жапқан».

Айта кетейік, әйелін ұрып өлтірген Еркінжан 11 жылға сотталған болатын. Шешімді ауданаралық мамандандырылған соттың судьясы шығарған. Шешіммен келіспеген туыстары аппеляциялық шағымды облыстық сотқа жазған. Нәтижесінде қайта қаралған сотта айыпталушының жазасы бірден он жылға қысқарып, жеңілдетілген. Үшінші билік өкілдері жазаның бұлай бұрылуына куәгердің сөзі себеп болды дейді.

Бүркіт Байдулдаев, Түркістан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының судьясы: «Куәгер қатысқан. Ол Нартевпен бірге әйелінің денесін сарайдан алып шыққан. Сол куәгердің сөзі дәлелін тапқан. Жалпы алғанда, сотталушыға дәлелденбеген жағдайлар пайдасын тигізген. Марқұмды нақты күйеуі өлтіргенін ешкім көрмеген».

Дегенмен марқұм келіншектің туыстары облыстық соттың шешімімен келіспейді. Қыздарын айуандықпен ұрып өлтірді деген күйеу балалары қатал жаза алудың орнына, жеңілдікпен бостандыққа шығатынына наразы. Соңына дейін әділеттікке қол жеткіземіз деген Мәуленқұловтар отбасы Жоғары сотқа арыз жазып, істі қайта қарауды өтінбек.

Еске салайық, Юлдуздың артында екі баласы қалды. Олар әлі күнге дейін аналарын іздеп жылайды…

Лаура Нақыпқызы