Көрнекті жазушы Жүсіпбек Аймауытов айтқандай: «Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне икемділік қажет. Бұл – жай күнелту, тамақ асырау жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе». Мектеп бітірген түлектердің бірі қалаған мамандығын таңдаса, енді бірінің өз таңдауын жасауына ата-анасы мүмкіндік бермейді. Ал кейбірі «ҰБТ-дан жинаған баллына сәйкес тегін грант болса, болғаны» деп өз икеміне сәйкес келмейтін мамандықты таңдап жатады. Осындай қателіктердің салдарынан жан-дүниесі қаламайтын, икеміне келмейтін мамандықтың иесі атанатындар көп. Сонша уақытын сарп етіп оқыған мамандығы бойынша жұмыс істемей, мүлдем басқа салаға кететіндері де баршылық. Дәл қазір мектеп түлектері мамандық таңдап жатыр. Соған орай мамандық және оның қажеті, қабілеттер, денсаулық, ықылас деңгейі мен өзін-өзі бағалау, ата-ананың, отбасының көзқарасы талқыланып және жеке кәсіби жоспар жасауға, мамандық таңдаудағы қателіктер жайында өңірімізге белгілі психолог Қаракөз Момбаеваның кеңесін назарға ұсынамыз.

«Еңбек нарығына не қажетін нақты білу керек»


– XXI ғасыр – қарыштап дамыған білім ғасыры. Ғылым мен білімнің дамуы-на қызмет ету – еліміздің болашағына үлес қосу. Өмірде өз жолыңды дұрыс таңдасаң, ақыл-кеңесіңді, білім мен біліктілігіңді ортаға салып, басқаны да дұрыс бағыттап, тура жолға салып жібересің. Кәсіби біліктілігіңмен қатар, өз өмір белестерің көмекке келеді,-деп сөзін бастады белгілі психолог Қаракөз Момбаева.
Оның айтуынша, мамандық таңдау – өмірдегі ең маңызды қадам. Мектеп қабырғасында жүргенінен-ақ баланың тұлғалық жеке ерекшеліктеріне үлкен мән беру керек. Өйткені, баланың белгілі бір мамандыққа қызығушылық, қабілет, бейімділіктің нышандары сол кезде анық байқалады.– Қазіргі таңда жоғары сынып оқушыларының басым бөлігі мамандық таңдауда қиналады. Себебі еңбек нарығына қажетті мамандық туралы ақпаратты нақты білмейді. Өкінішке қарай жастардың көбінде жоғары білім бар. Бірақ мүлдем басқа салада жұмыс істеуге мәжбүр. Бұл – мамандық таңдаудағы қателік. Дана халқымыз «Жігітке жеті өнер де аз» деп бекер айтпаған. Сонымен қатар психологиялық диагностика әдістерін толыққанды жетік жүргізе алудың, жасөспірімге кәсіби кеңес берерде атқаратын рөлі зор. Кәсіби бағдар бергенде клиенттің тұлғалық психологиялық жеке және психологиялық жас ерекшеліктерін, қызығушылығын, таным процестерін, денсаулығын қатаң бақылауға алу қажет. Адам баласы – мамандық таңдауда психологиялық көмекке жүгіну керек,-дейді ол.

«Техникалық мамандықтар мен инновацияның күні туған заман»
Психолог өз тәжірибесіне сүйене отырып, қазір техникалық мамандықтардың, ғылым мен инновацияның күні туған заман екеніне де ерекше тоқталды. «Ерінбей еңбек еткен, жалықпай техника меңгерген адам озады» деген ол жан-жағымыздағы алпауыт елдер күн санап өркендеудің жаңа сатысына көтеріліп жатқанда біздің ұрпақ әлі де болса жалқаулыққа жиі бой алдыратынына қынжылды.
Қазақстанның жас азаматтары білімді, еңбекқор болуы тиіс екенін айтып, мамандық таңдауда жастар бір жерде тұрақтап қалмай, қай өңірде жұмыс қолы тапшы екенін анықтауы қажет екеніне де тоқталды.
Өйткені, жас толқын өмірдегі ең маңызды жолды бастар алдында ең маңызды міндет – толыққанды өмір сүру үшін қаржы тауып қана қоймай, бастысы өз қабілетін, қызығушылығы мен шығармашылық әл-қуатын іске асыра алатын болашақ мамандығын дұрыс таңдағаны жөн. Ал, дұрыс таңдалмаған мамандықтың адамға тигізер зардабы бар.
– Дұрыс таңдалмаған мамандықтың салдары, тек адамның өзіне ғана емес, қоғамға кері әсерін тигізеді. Қазақстан жоғары білімді азаматтарының саны жөнінен көшбасшы елдердің қатарында. Бірақ оқу бітірушілерге өз мамандықтары бойынша жұмысқа тұру қиындық тудырады. Мұндай жағдайдың себептерінің бірі – мамандықты дұрыс таңдамау. Мектептердегі кәсіби бағдар беру жұмыстары жоғары оқу орындарының өкілдері және оқытушыларымен кездесу ұйымдастырумен шектеледі. Талапкерлер кәсіби мамандардың жұмыс процесін көрмейді және таңдап алынған мамандықтар туралы жалпы түсініктері болмайды. Соңғы жылдары қоғамда «жұмысшы мамандығын алу – беделді емес» деген пікір қалыптасты. Қазақстан жастарының техникалық және кәсіби білімге қызығушылық деңгейі төмен. Қазақстанда жұмыс берушілер ұсыныстарының талдау нәтижесі – жұмысшы мамандығына ие маман жоғары білімі бар маманмен бірдей табыс таба алатынын көрсетті. Мысалы:
1. Автослесарьдің жұмысы үшін жұмыс беруші өңірлерге байланысты 70 000-нан бастап 150 000 теңгеге дейін төлеуге дайын.
2. Ұңғымаларды бұрғылаушы 100 000 – 200 000 теңгеге дейін табыс табады;
3. Шаштараздардың табысы 60 000 – 150 000 теңгеге көлемінде;
4. Жиһазды жинау бойынша мамандар – шамамен 150 0000 теңгеге дейін табыс табады.
Экономистер, заңгерлер, менеджерлердің еңбекақылары да орташа есеппен осындай. Ата-ана мен бітірушілердің мамандыққа қатысты ақпаратты біле бермейді. Себебі мектептегі кәсіби бағдар бойынша жұмыс әлсіз жүргізіледі. Әлемде шамамен 40 000-дай мамандық бар. Ал Қазақстанда 5 000-нан астам мамандық оқытылады. 2017-2030 жылдар көкжиегінде біршама мамандықтар ескірген зияткерлік мамандықтар қатарына кіреді. Яғни, 2020 жылға дейін смета құрушы, стенографист, копирайтер, турагент, кітапханашы, құжат жүргізуші, архивариус, почтальон, лифтер, билет беруші, дәріс оқушы мамандарына сұраныс жоғалады. Ал 2020 жылдан кейін заң кеңесшісі, нотариус, бұрғылаушы, жүйелі әкімші, провизор, аналитик, маклер риэлтор, хатшы, ресепционист және тағы басқа мамандықтар қажетсіз болады.

Ата-ана білуі тиіс
Осы тұста Каракөз Момбаева кәсіби бағдар бойынша психолог-консультант ретінде ата-аналар білуі тиіс бірнеше басты кеңесті айтып өтті:
1. Баланың кәсіби жоспарлары туралы ақпарат тек қана онымен әңгімелесу барысында анықталады. Әңгімені «орынды» бастаған жөн. Бұл жағдайда шыдамдылық, сыпайылық және шынайы қызығушылық танытуға тырысыңыз.
2. Егер бала өзіне жоспар құра алмаса, оның немен байланысты екенін түсінуге тырысу керек.
3. Балаңыздың кәсіби таңдауына көңіліңіз толмаса, оған ешқандай кедергі жасамаңыз және еш тыйым салмаңыз. Оның таңдауына ненің негіз болғанын анықтаңыз.
4. Егер бала тек армандаса және ештеңе жасамаса, сіз оған нақты жоспар жасап, оған қанша уақыт қажет екенін және не істеу керек екенін талқылауға көмектесуіңіз қажет.
5. Таңдалған жолда сәтсіздікке ұшыраған жағдайда балаңызға «қосымша жағдайды» дайындаңыз.

– Менің тәжірибемде: мектеп бітіруші түлектің мамандығын анықтау бойынша психологиялық зерттеу қорытындысы нәтижесінде – холерик темпераментінің өкілі жəне «табиғат-адам» айқындалды. Оқушының көру қабілетінде ақау болатын. Ата-анасы отбасылық бизнесіне жақсы аудит-бухгалтер қажет екенін айтты. Ал бухгалтер мамандығы төзімділіктіі, шыдамдылықты, бір жерде ұзақ уақыт отырып жұмыс істеуді қажет етеді. Баланың көру қабілетіне үлкен күш түседі. Мұны ата-анасына ескерттім. Ең бастысы бала бұл мамандыққа мүлдем жат адам. Есепші болуға құлықсыз. Онымен әңгімелесу барысында табиғатты көп сөз етеді. Табиғатты жақсы көреді. Оған шынайы беріледі. Психологиялық тестің нәтижесі де оны табиғат адамы етіп көрсетіп тұр. Ондай баланы кабинетке байлап қоя алмайсыз. Олар таза ауада, табиғатта мәселен биолог, агроном, зоотехник, ветеринар болып, жұмыс істей алады. Өзі алып ұшып тұр. Мінезі жайдары, өте пысық бала. Мұндай мінезді балалар есепші бола алмайды. Есепші болу үшін өте сабырлы мінезі болуы керек. Шаруаның соңына дейін міз бақпай орындайтын баладан есепші шығады. Алып-ұшып тұрған баладан есепші шығару деген қиял. Ол бала бухгалтер мамандығын оқығанмен бәрібір басқа салада қызмет ететіні сөзсіз. Тағы бір ескеретін жағдай көру қабілеті нашар бала ешқашан тіс дәрігері, хирург бола алмайды. Бала батыл болғанымен бәрібір көру қабілеті оған мүмкіндік бермейді. Сондықтан ата-ана осындай тараптарды саралап, баламен ақылдаса отырып, қажет болса психологтың кеңесіне жүгініп, сосын мамандық таңдауы керек. Айта кетейін, баланың ата-анасына ұсынған кеңесімнің нәтижесінде: табиғат-адам болмысына сай бірнеше бала ауылда кәсіп ашып, мықты бизнесменге айналып, қалалықтарды ет-сүтпен қамтамасыз етіп отыр. Бұл мамандықты жаңылмай таңдауды білдіреді, – дейді Қаракөз Момбаева.

Қазақстанда сұранысқа ие
ең қажетті 10 мамандық:
Инженерлер
ІТ-мамандар
Дәрігерлер
Мұғалімдер
Маркетинг саласындағы
мамандар
Менеджерлер
Мейманхана ісі мен туризм
саласындағы мамандар
Бухгалтер-кассирлер
Логистика жөніндегі маман
Биотехнологиялар
саласындағы мамандықтар.

Оқу орнын таңдағанда нені ескереміз?
1. Мемлекеттік аккредиттелген университеттер мен ТжКБ техникалық және кәсіби білім беру колледждерін таңдаңыз;
2. Педагогикалық кадрлар туралы ақпарат алудан ұялмаңыз;
3. Емтихандарға қатысуға тырысыңыз, күтпеген жерден апелляция қажет болуы мүмкін;
4. Жаңа факультеттерде әрдайым жоғары ұпай болмайды;
5. Егер балаңыз өтпесе, ренжімеңіз. Алда көптеген мүмкіндіктері бар;
6. Балаңыз түсуге ниет білдірген жоғары оқу орнын тәмамдағандармен немесе ТжКБ оқығандармен сөйлесіңіз. Балаңызға таңдау құқын беріңіз.
Жалпы, адам екі нәрседен қателеспеуі керек: бірінші – мамандық таңдау, екіншісі – жар таңдауда. Екеуі де өміріңде елеулі орын алады. Екеуі де қуанышыңның, сәттілігіңнің кепілі. Өйткені таңдаған кәсібіңмен өмірлік біргесің,. Жейтін наныңды табасың. Моральды-материалдық табыс көзі. Жұмысқа құштарлықпен, жұмыстан үйіне ынты-шынтысымен баратын адам бақытты. Жұмысқа ықыласыңмен барғың келсе, сен істеген кәсібіңді, ал жұмыстан үйіңе қуана барғың келсе, сен жан жарыңды жақсы көргенің. Міне, бұл өмірде бақытты боламын деген жанға, осы екі нәрседен қателесуге болмайды,-дейді психолог.

Жанерке Хумар

«Оңтүстік Рабат» газеті

№29, 18 ШІЛДЕ 2018 ж.